Абай облысында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы іске қосылады

Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде ауылды дамытуға бағытталған «Қаладан – ауылға» атты жаңа қанатқақты (пилоттық) жобаның ресми түрде басталатынын мәлімдеді. Жоба ауылды түлетуге, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және қала мен шетелден ауылға қоныс аударғысы келетін азаматтарға кешенді қолдау көрсетуге бағытталған.
Аймақ басшысының айтуынша, бағдарлама аясында қаладан ауылға көшуді жоспарлаған азаматтарға, сондай-ақ шетелден қоныс аударатын қандастарға нақты мемлекеттік қолдаулар ұсынылады. Былтыр облысқа 264 адам көшіп келсе, оның 244-і қандастар болған.
«Қаладан – ауылға» жобасы Үкімет тарапынан ауыл халқына арналған қолданыстағы барлық бағдарламаларды біріктіріп, облыс әкімдігі тарапынан көрсетілетін қосымша қолдаулармен толықтырылады. Пилоттық жоба арқылы ауылға көшкен азаматтарға бизнес бастауға, баспаналы болуға, мал шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несиелер беру көзделіп отыр.
Бұл бастаманы өңірдегі ауыл тұрғындары да қолдап отыр. Абай ауданына қарасты Медеу ауылының тұрғындары арнайы үндеу жариялап, қала тұрғындарын ауылға қоныс аударуға шақырды. Ауыл азаматтары көшіп келген отбасыларға қосымша ынталандыру ретінде баспана, төрт түлік мал беріп, тұрақты жұмыспен қамтуға дайын екендерін жеткізген. Сондай-ақ ауыл округінде дүниеге келген әрбір сәбиге ат мінгізу дәстүрін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Медеу ауылы бүгінде әлеуметтік инфрақұрылыммен толық қамтылған. Мұнда 207 орындық мектеп, тұрақты интернет, 90 орындық мәдениет үйі, жаңа медициналық пункт, балалар ойын алаңы, жаңартылған футбол алаңы мен жастар саябағы бар. Мұндай жағдай жасалған елді мекендер облыстың басқа аудандарында да кездеседі.
Берік Уәли соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
«Мал өсіріп, шаруашылықпен айналысамын деген азаматтарға облыс тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл пилоттық жоба ауылдың әлеуетін арттыруға серпін береді», – деді облыс әкімі.
«Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы 20 ақпан күні Семей қаласында өтетін Ауыл әкімдерінің форумында ресми түрде таныстырылады.
Аймақ басшысы өңір тұрғындары мен туған жерге жанашыр азаматтарды игі бастаманы қолдауға шақырып, ауылды бірлесе дамытуға үндеу жасады.



