ҚазақстанТОП

Мемлекеттік қызметтердегі цифрлық серпіліс: бір жылда қазақстандықтар өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы шамамен 15 млн қызмет алды

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан тұрғындары мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта өз бетінше алу мүмкіндігін белсенді пайдаланып келеді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады. Талдау нәтижесіне сәйкес, өзіне-өзі қызмет көрсету секторындағы өтініштер саны бір жыл ішінде 6,6 млн-нан астамға өсіп, шамамен 14,8 млн-ға жеткен. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 8,2 млн болған.

Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы ең көп қызмет алған өңір — Алматы қаласы. Мұнда бір жылда 2,3 млн-нан астам қызмет көрсетілген. Одан кейін Алматы облысы (1 млн-нан астам) және Түркістан облысы (шамамен 1 млн) келеді. Абай облысында 2025 жылы өзіне-өзі қызмет көрсету секторында тұрғындарға 430 мыңнан астам қызмет көрсетілді, бұл өңірде цифрлық форматтың танымалдығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында ең көп сұранысқа ие болған бес қызмет: электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, архивтік анықтамаларды рәсімдеу, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, соттылығының бар немесе жоқтығы туралы анықтама беру, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқтығы туралы анықтама алу.

Біздің барлық жұмысымыз азаматтарға ыңғайлы болуына бағытталған: әр адамға қызмет алудың қолжетімді және өзіне ыңғайлы тәсілін таңдау мүмкіндігі берілуі тиіс. Біреулер мобильді қосымшаларды, электрондық үкімет порталы мен онлайн платформаларды пайдаланса, енді біреулер банк қосымшалары арқылы алады, ал кейбірі ХҚКО-ға жүгінеді. Біздің басты басымдығымыз — қызмет алушылардың жайлылығы мен ыңғайлылығы, — деді Мемлекеттік корпорация Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев.

Айта кетейік, 2025 жылы ХҚКО операторлары арқылы 13 млн-нан астам қызмет көрсетілген, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 млн-нан жоғары болған. Фронт-офистер арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер көлемі бойынша Алматы, Астана және Шымкент қалалары көш бастап тұр.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button