Облыс әкімі «Семей» футзал клубының бас директорымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Семей» футзал клубының бас директоры Азамат Асылханмен кездесті.
Кездесу барысында өңірдегі футзалды дамыту, клубтың қазіргі жетістіктері мен алдағы жоспарлары талқыланды. Сондай-ақ, бұқаралық спортты өркендету, жас спортшыларды қолдау және футзалдың танымалдығын арттыру мәселелері сөз болды.
Аймақ басшысы қысқа мерзім ішінде жоғары нәтиже көрсетіп, биік белестерді бағындырған команданың еңбегін атап өтіп, облыстың спорттық келбетін қалыптастыруда клубтың орны ерекше екенін жеткізді.

Клуб 2023 жылы ғана құрылғанына қарамастан, қысқа уақытта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жанкүйерлерін қуантып келеді. Желтоқсан айында Қазақстан кубогының финалында «Ақтөбе» командасын 5:2 есебімен жеңіп, екінші жыл қатарынан мәртебелі жүлденің иегері атанды. Осылайша, жергілікті клуб Қазақстан кубогы тарихында екі жыл қатарынан жеңіске жеткен төртінші команда болып отыр. Сонымен қатар жерлестеріміз УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалы аясында Польшаның «Пьяст» командасын екі ойын қорытындысы бойынша жеңіп, Еуропаның үздік 8 командасының қатарына енді.
Бүгін Семейде халықаралық Semey Cup футзал турнирі басталды. Оған «Семей», «Тұлпар» және «ИрАэро» командалары қатысып жатыр. Айта кетейік, ертең Семейде футзал жұлдыздарының шоу-матчы өтеді. Оған әлемге танымал қақпашы Лео Игитаның және Ферраоның достары қатысады. Самат Смақов, Рикардо Кака, Димаш Сүлейменов, Серік Жаманқұлов және басқа да футзал әлемінің танымал тұлғалары бір алаңда доп тебеді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



