Абай облысыТОП

Абай облысында Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі

Бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі туризм саласының дамуы туралы баяндады.

Облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алакөл жағалауын дамытуға өткен жылы 1 млрд. теңге бағытталды. Қабанбай ауылында құтқару станциясының құрылысы аяқталды. Көл жағалауында абаттандыру, көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Алакөл демалыс аймағын дамыту үшін жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Көл жағалауында абаттандыру, көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шомылу маусымына дейін жасанды интеллект технологиясын енгізе отырып, 117 заманауи бейнебақылау жүйесі, 6 антенна-діңгек құрылғысы орнатылып, мобильді интернет байланыс желісімен толық қамтылатын болады.

Былтыр күзде бас жоспарға өзгерістер енгізу жұмыстары басталды, биылғы қыркүйек айында аяқталады. Нәтижесінде аумағы 300 гектардан 3 000 гектарға дейін жетеді. Туристік аймаққа күнделікті келушілер санын 20 мыңнан 75 мың адамға жеткізу көзделуде. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде, – деді аймақ басшысы.

Жыл сайын көл жағалауы қысқарып, туризм нысандарына қауіп төндіруде. Осыған байланысты қауіпті 360 метр жағалау анықталып, өткен жылы күзде нығайту жұмыстары атқарылды. Соның арқасында 300 орындық 3 демалыс орнын су басу қаупі сейілді. Барлық жағалауды нығайтуға ағымдағы жылдың қаңтар айында жалпы құны 15,2 млрд теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.

Келесі өзекті мәселе – электр қуатының жетіспеуі және электр желілерінің тозуы. Бұл мәселені шешу үшін магистралды электр желісімен трансформаторлық қосалқы станция құрылысының жобалау сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Биылғы шомылу маусымына электр желілерінің және ішкі қосалқы станцияларды жөндеу және күтіп-ұстау үшін 275 млн теңге қаржы қарастырылуда. Туристік аймаққа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Су, кәріздік желілер, блок-модульді тазарту құрылғысын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді.

2025 жылы облыстың туризм саласында 8,9 млрд. теңгеге 4 жоба іске қосылды. Оның қатарында «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласында 6,5 млрд теңгеге «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй – мейрамхана кешені салынып, былтыр Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 107 жаңа жұмыс орны құрылды. Бесқарағай ауданы Старая Крепость аумағында 1 млрд теңгеге балық шаруашылығымен қатар қызмет көрсететін кешенді демалыс базасы іске қосылды. Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында өткен жылы «Семей-Павлодар» тас жолының бойында «Petro Retail» ЖШС жаңа Keruen Inn қонақ үйін ашты.

2029 жылға дейін облыста 87,4 млрд. теңгеге 48 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде ірі жобалардың бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу. Бүгінге құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісуде. Сонымен қатар, Шипалы көлінде балшықпен емдейтін санаторийді салу көзделіп отыр. Эскиздік жобасы әзірленді, сәуір айында құрылыс жұмыстарын бастайды. Семей қаласында «Semey Mall» мәдени ойын-сауық сауда орталығының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Abay Hospitality Group» ЖШС және «PanaComplexSemey» ЖШС Абай ауданының Жидебай аумағында этнокешенді, визит-орталығын, «Тары» кафесін салуды жоспарлауда. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button