Абай облысыСпортТОП

Облыс әкімі шаңғышы Әмірғали Мұратбековке алдағы Олимпиада ойындарында сәттілік тіледі

Екі аптадан кейін Италияның Милан және Кортина д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Еліміздің 36 спортшысы Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Олардың қатарында жерлесіміз, Үржар ауданының тумасы Әмірғали Мұратбеков бар.

Шаңғышы қазір Ұлттық құрама мүшелерімен оқу-жаттығу жиынында жүргендіктен облыс әкімі Берік Уәли спортшыға құттықтау жолдап, алдағы үлкен жарыста сәттілік тіледі.

Сіз халықаралық спорт аренасында еліміздің атынан өнер көрсететін жетекші спортшылардың қатарындасыз. Абай өңірінің жұртшылығы Сізге зор сенім білдіріп, Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғайтыныңызға кәміл сенеді. Біздің облыстың спортшылары бұған дейін қысқы Азиада ойындарында сәтті өнер көрсетті. Бұл ретте төрт бірдей Олимпиаданың қатысушысы, Азия ойындарының жеті дүркін чемпионы Оксана Яцкая, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Сочидегі Олимпиадада Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы болған Ердос Ахмадиев, ҚР еңбек сіңірген спортшысы Галина Вишневская-Шепоренко, Харбиндегі Азиада ойындарының күміс жүлдегерлері Камила Елгазинова мен Кирилл Бауэр есімдерін құрметпен атап өтеміз. XXV қысқы Олимпиада ойындарында жеңісті жолды жалғастырып, сәтті өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіңізге тілектеспіз, – делінген құттықтауда.

Әмірғали Мұратбеков 2005 жылы Үржар ауданында дүниеге келген. Шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының Спорт шебері. 2024 жылы шаңғы жарысынан өткен Қазақстан Республикасы чемпионаттарының жүлдегері, шаңғы роллерінен Әлем кубогінің жеңімпазы болды. 2025 жылы шаңғы жарысынан Әлем чемпионатына қатысып, Қазақстан Республикасының VI Қысқы Спартакиадасының жүлдегері атанды. Шаңғы роллерінен өткен Азия кубогінің үш кезеңінде жүлде алып, Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы болды. Былтыр 19-28 желтоқсан аралығында Шортанды қаласында өткен Қазақстан Республикасы кубогінде Әмірғали Мұратбеков скиатлон (20 шақырым) және масс-старт (30 шақырым) жарыстарында жеңіске жетті. Нәтижесінде Италиядағы 25-ші Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button