Облыстағы ірі құрылыс жобаларының жүзеге асу барысы талқыланды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірдегі құрылыс нысандары бойынша арнайы жиын өтті. Жиынға тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша аймақтағы құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 354 млрд теңгені құрады. 2026 жылға арналған құрылыс жұмыстарының күтілетін көлемі – 379 миллиард теңге. Қазіргі таңда облыста бюджет қаражаты есебінен 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар off-take келісім аясында бірнеше білім, спорт және мәдениет нысандары салынып жатыр. Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында 16 жоба әзірленуде. Аталған акция шеңберінде облыстардан бөлек ұлттық компаниялармен де жаңа ғимараттар салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Семей қаласындағы Водный, Бобровка және Ұшақтар кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы салынуда. Облыс орталығында 18 жастан асқан азаматтарға арналған 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме құрылысы аяқталды. Чиптер мен электронды қондырғылар өндіретін индустриялық парк пен 25 мың орындық стадионның құрылысы басталды.
Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Жеке инвесторлардың есебінен Жаңасемей ауданында ірі ет комбинатының, Абай ауданында «Этно ауыл Жидебай» туристік кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аймақ басшысы жиында әрбір ғимараттың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтіп, құрылысы басталған барлық нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, іргетасы қаланып, құрылысы кешеуілдеп жатқан ғимараттарға ерекше назар аударып, құрылыс қарқынын арттыру қажеттігін айтты. Салаға жауапты орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына құрылыс жұмыстарының барысын қатаң бақылауда ұстап, жобалардың уақтылы іске асуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Бүгін кезекті рет өңірімізде салынатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың қазіргі жағдайын, құрылыс барысын және туындаған мәселелерді талқылау мақсатында жиналып отырмыз. Облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және өңірді көркейту. Әр нысанның уақтылы және сапалы іске қосылуы өңірдің даму қарқынына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осындай жиынды үш аптада бір рет өткізіп тұрамыз. Әр нысан жеке бақылауымда болады, – деді аймақ басшысы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

