Қазақстанның Халық әртісі филармонияның директоры болып тағайындалды

Бүгін Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ж. Омарханның 2026 жылғы 20 қаңтардағы №10 бұйрығына сәйкес, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры болып Қазақстанның Халық әртісі Секен Кәрімұлы Тұрысбеков тағайындалды.
Секен Тұрысбеков 1961 жылы Абай облысы Үржар ауданында дүниеге келген. Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесін, кейін Құрманғазы атындағы консерваторияны профессор М.Әубәкіровтің класында тәмамдаған. Еңбек өтілі – 40 жыл.
Ол – «Жігер» фестивалінің және Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет және Парасат ордендерінің иегері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі.
Еңбек жолын «Сазген» ансамблінен бастап, «Ақ жауын» ансамблі мен оркестрін құрып, оны халықаралық деңгейге көтерді. Оркестр Жапония, Қытай, Моңғолия, Франция, Германия және өзге де елдерде гастрольдік сапармен өнер көрсетті.
Осы уақытқа дейін ол Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Ақ жауын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келді.
Semeynews.kz



