Абай облысында су үнемдеу технологияларын енгізу жобасы жүзеге асырылады

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Harvest Agro Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дәулет Увашев бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері қаралды.
Жоба құны – 34 миллиард теңге. Оның аясында жер асты суларын пайдалана отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы жайылым және тыңайған жерлерді кезең-кезеңімен суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыру көзделіп отыр. Аймақ басшысы бұған дейін инвесторлармен кездесіп, жобаны іске асыру жайын талқылаған болатын. Жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, инвестициялық жоба ретінде танылды. Қазіргі уақытта жер учаскесін рәсімдеу процесі жүріп жатыр.
Инвесторлар құжат рәсімдеу жұмыстары аяқталса Мақаншы ауданында жобаны бастап кетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, қайта өңдеу зауытын салуға, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көп функциялы спорт кешенін тұрғызу туралы ұсыныстарын айтты.
Облыс әкімі бұл жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Сіздер бұған дейін біздің облысымызға келіп, жобаларыңызды таныстырдыңыздар. Сол кездегі кездесулерде біз барлық қолдауды көрсетуге дайын екенімізді білдірдік. Бұл – облыс үшін маңызды инвестициялық бастама және оның іске асуы біз үшін де, сіздер үшін де оң нәтиже береді деп сенемін. Абай облысының әкімдігі заң аясында барлық қажетті көмекті көрсетеді, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, 2025 жылы Астана қаласында өткен жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстел – KGIR-2025 форумы аясында Абай облысы мен «Харвест Агро Холдинг» компаниясы арасында ауыл шаруашылығын дамыту және суару технологияларын енгізу бағытында инвестициялық меморандумға қол қойылған болатын. Жоба шеңберінде кешенді инженерлік-геологиялық және агрохимиялық зерттеулер жүргізу, суару және су алу жүйелерін жобалау мен орнату, энергетикалық және инженерлік инфрақұрылым тарту, ауыл шаруашылығы өндірісін жолға қою қарастырылған.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ


