Құрылыс компаниялары мен әкімдіктер арасындағы меморандумдарды түгендеп шығу керек — V Ұлттық құрылтай
V Ұлттық құрылтайда құрылыс компанияларының әкімдіктерге берген уәдесі орындалмай жатқаны проблема ретінде көтерілді. Құрылтай мүшесі Марат Шибұтов уәдесін орындамайтын компанияларға қомақты айыппұл салу керек деп отыр.
— Мені біріншіден, құрылыс салушылардың жауапкершілігі мәселесіне тоқталғым келеді. Көпшілікке арналған тұрғын үй салар кезде құрылыс компаниялары әкімдіктермен әлеуметтік инфрақұрылым салу туралы меморандумдар жасайды. Алайда, бұл меморандумдарды бұзғаны үшін жауапкершілік болмағандықтан, уәделер орындалмай қалып жатыр. Демек, әр аймақта жоспарға еніп кеткен ондаған нысан салынбай қалып отыр. Егер сол меморандумдар орындалған болса, қазір қажет болып отырған оқушы орындарын түгел жабар еді. Статистиканы қарасақ, биыл білім мен ғылымға 900 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылы 1 триллион 400 миллиард теңге болған. Биыл неге аз? Себептердің ішінде осы уәде етілген әлеуметтік нысандар да бар. Бұлай болмайды, — деді ол.
Ұлттық құрылтай мүшесі осындай меморандумдарды толық түгендеп шығу керек дегенді айтты.
— Тым болмаса, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында осындай түгендеу жүргізіп, нақты және қатаң шаралар қабылдау қажет. Олар осы уәде етілген инфрақұрылымды, негізінен мектептерді салғанға дейін жаңа объектілер салуға рұқсат бермеу керек және қолданыстағы объектілерді пайдалануға бермеу қажет. Уәде етілген әлеуметтік міндеттемелердің бәрі сәулет-жоспарлау тапсырмасында болу керек. Тіпті, оны орындамағаны үшін уәде еткен нысанның құнына тең айыппұл салуға да болады. Құрылыстан түскен ақшаны Дубайдағы зәулім сарайларға емес, әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсасын, — деді Март Шибұтов.



