Абай облысыТОП

Абай облысында жолдардың сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасады

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен 2026 жылдағы алғашқы кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту жоспарлары мен облыстық басқармалардың, қала және аудандардың 2025 жылғы бюджетті орындау барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан және қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова баяндады.

Абай облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың 89 пайызы нормативтік жағдайға жеткізілген. Былтыр республикалық маңызы бар жолдардың 584 шақырымы қайта жаңғыртылып, 258 шақырым жолда орташа жөндеу жүргізілді. Биыл республикалық жолдардың 288 шақырымын қамтитын бірқатар учаскеде жөндеу жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр.

2025 жылы жергілікті жолдар мен көшелерді жөндеуге ерекше көңіл бөлініп, 325 шақырым жол жаңартылды. Биыл 205 шақырымнан астам жолды жөндеу көзделген. Семей қаласында көше-жол желілері мен аулаішілік жолдарды жаңғыртуға, жаяу жүргіншілер жолдары мен қиыршық тас төсеуге баса назар аударылады.

Қазіргі таңда Семей қаласындағы ірі автокөлік көпірі мен Ақсуат және Көкпекті аудандарындағы көпірлердің құрылысы жалғасып жатыр. Аягөз, Жарма аудандарындағы бірнеше көпірді қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Аймақ басшысы жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жергілікті және республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын жақсарту, жөндеу жұмыстарының тиімділігін арттыру, Семей қаласындағы көпірді қайта жаңғырту жобасын белгіленген мерзімде аяқтау және жол саласындағы қаржыландыру мен мердігерлер жұмысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Семей қаласының әкіміне көшелер мен аулаларды жөндеуге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Жол инфрақұрылымын дамыту – тек салалық мәселе емес, өңір экономикасының, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасының негізгі көрсеткіші. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімі.

Қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболованың мәліметінше, 2025 жылы Абай облысында бюджет кірістері жоспардан асып, 105,8 пайызға орындалды. Бұл – өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 121 пайызға артық. Мұндай көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын және қалалар мен аудандарда қаржылық тәртіптің нығайғанын аңғартады.

Аймақ басшысы қаржы басқармасына облыстық басқармалар және аудан-қала әкімдерімен бірлесіп, өткен жылғы кемшіліктерді ескере отырып, бюджет қаражатын толық әрі уақтылы игеру үшін талдамалық жұмыс жүргізіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, тәуекелдерді басқару мен жобаларды іске асыру тетіктерін күшейтіп, жобалық-сметалық құжаттамалардың уақтылы әзірленуін және сатып алу рәсімдерінің мерзімінде жүргізілуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Жыл қорытындысы бойынша қаржыны толық игермеген басқармалар мен әкімдердің жауапкершілігі қаралатынын да ескертті.

Мемлекеттік қаражат – бұл халықтың сенімі. Сол себепті біз қаржының қаншалықты игерілгенін ғана емес, оның нақты қандай нәтиже бергенін де, яғни сапасын да бағалауымыз қажет. Біздің басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, қолайлы жағдай жасау, – деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button