Абай облысыҚоғамТОП

Заңды сақтау – әр азаматтың жеке таңдауы: Абай облысында студенттермен ашық диалог өтті

Абай облысында студент жастармен қауіпсіз ортаны қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және жастардың заманауи қауіп-қатерлерге — заңсыз есірткі айналымы мен цифрлық алаяқтыққа саналы көзқарасын қалыптастыруға арналған кездесу өтті.

Ашық диалог форматында прокуратура органдарының, тергеу және талдау бөлімшелерінің, сондай-ақ Ішкі саясат басқармасының өкілдері студенттермен жүздесіп, нақты мысалдар арқылы заң талаптарын сақтау абстрактілі міндет емес, әр адамның жеке қауіпсіздігі мен қоғамның тұрақты болашағының негізгі шарты екенін түсіндірді.

Кездесудің модераторы болған Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемағұлов «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

– Бүгін біз студенттермен арнайы кездесу өткізіп отырмыз. Кездесу «Қауіпсіз орта және жарқын болашақ» деп аталды. Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Мемлекет басшысы азаматтардың, әсіресе жастардың мәдениеті жасампаздыққа бағытталуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен. Біздің басты міндетіміз – адалдық пен әділеттілікке сүйене отырып, «Заң және тәртіп» қағидатын ұстану. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі заңды сақтаудың маңызын айқын көрсетеді, – деді Арман Жемағұлов.

Кездесу барысында студенттерге есірткінің таралуы және азаматтарды алдаудың түрлі жолдарын қолданатын алаяқтар туралы қысқаметражды бейнероликтер көрсетілді.

Аға прокурор Айдос Саттаров синтетикалық есірткінің таралуы ең көп кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі екенін атап өтті.

– Есірткі тұтыну адам денсаулығына орны толмас зиян келтіріп, гепатит, инсульт, бауыр циррозы секілді ауыр ауруларға алып келеді. Сонымен қатар есірткі қолдану суицидке де себеп болуы мүмкін. Нашақордың орташа өмір сүру ұзақтығы – бес жылдан аспайды. Соған қарамастан, есірткі таратушылар оның зиянсыз екенін айтып, жастарды алдауды жалғастыруда. Бұл – жалған ақпарат. Әрбір келесі доза адамның бойында патологиялық тәуелділікті күшейте түседі, – деді спикер.

Кездесу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан азаматтарға қоңырау шалып, жеке деректерін талап етпейтіні де атап өтілді. Мұндай мәліметтерді үшінші тұлғаларға беру алаяқтық әрекеттерге жол ашатыны ескертілді.

– Алаяқтар да, есірткі таратушылар сияқты, көбіне жастарды нысанаға алады. Қазіргі уақытта дипфейк технологиялары кең таралуда – жасанды интеллект көмегімен кез келген адамның бейнесін шынайы етіп жасауға болады. Алаяқтар жиі танымал тұлғалардың немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атын жамылады. Мысалы, Гонконгта қарапайым азамат алаяқтарға 25 миллион доллар аударған. Бұл – қиял емес, бүгінгі күннің шындығы, – деді Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы Медет Орынбасаров.

Кездесу барысында студенттермен алаяқтықтың түрлі түрлері мен оған қарсы тұру жолдары талқыланып, жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын мамандарға қойды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар мұндай ашық диалогтар жастардың саналы азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал ететінін және заң мен тәртіптің формальды талап емес, күнделікті өмірдің табиғи бөлігіне айналып, қауіпсіз әрі тұрақты болашақтың кепілі болатынын атап өтті.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button