Ұлттық ұланның Курчатовтағы әскери бөлімінде ата-аналарға арналған ашық есік күні өтті

Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты — ата-аналарға балаларының қандай жағдайда қызмет атқарып жүргенін көрсету, ашық диалог орнату және бөлім басшылығы мен отбасылар арасындағы өзара сенімді нығайту.
Әскери бөлім басшылығы қонақтарға арнайы экскурсия ұйымдастырып, казарма, асхана, медициналық пункт және өзге де инфрақұрылым нысандарымен таныстырды. Ата-аналар сарбаздардың күн тәртібін көріп, тамақтану, тұрмыстық жағдай және медициналық қызмет көрсету деңгейін бағалады.
3514 әскери бөлімнің жарты ғасырға жуық тарихы бар. 1994 жылдан бері әскери бөлім стратегиялық маңызы бар нысандарының бірі — Ұлттық ядролық орталықтың барлық нысандарының күзетін қамтамасыз етіп келеді.

Мұнда соңғы мерзімді қызметтегі сарбаздар 1997–1999 жылдары қызмет атқарған. Кейінгі жылдары жауынгерлік міндеттерді тек келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер мен офицерлер орындады. 2022 жылы 23 жылдық үзілістен кейін, әскери бөлім қайтадан жас сарбаздарды салтанатты түрде қабылдап, мерзімді қызмет дәстүрін жаңғыртты.
Іс-шара соңында ата-аналар бөлім басшылығына алғыстарын білдіріп, балаларының қауіпсіз әрі лайықты жағдайда қызмет атқарып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ әскери қызметтің белгіленген талаптарға сай жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көз жеткізгендерін жеткізді.
“Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



