Абай облысыТОП

Абай облысында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына қатысты профилактикалық жұмыстардың аралық қорытындылары жарияланды

Абай облысында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының өтуіне байланысты профилактикалық жұмыстардың аралық қорытындылары жарияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз маслихатында Абай облысы ТЖД азаматтық қорғау басқармасының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Асет Туинбаев мәлімдеді.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары бекітілген өрттің алдын алу жоспарына сәйкес жүргізілуде. 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы ұйымдастырылып, оның аясында үйлерді аралау, пештерді, электр жабдықтарын тексеру және тұрғындарды нұсқама беру шаралары өткізілді.

– Жылыту маусымы басталғалы бері облыста 74 өрт тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға аз. Өрттердің негізгі себептері өзгеріссіз қалып отыр: пешті пайдалану ережелерін бұзу, электр сымдарының ақауы және отты абайсыз қолдану. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар да бар: бес адам жарақат алып, үш адам көз жұмды, олардың арасында бір бала бар, – деді Асет Туинбаев.

Спикердің айтуынша, ерекше назар әлеуметтік осал топтағы отбасыларға аударылуда. Биыл облыста бұл санатқа жататын 6 733 отбасы тіркелген. Олардың үйлерінің барлығы ТЖД қызметкерлерімен тексеріліп, өрт қауіпсіздігіне қатысты 2 951 бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топқа кірмейтін 12 656 үй тексеріліп, 2 986 бұзушылық тіркелді.

– Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл санаттағы үйлердің барлығы толықтай көмірқышқыл газы датчиктерімен жабдықталған. 2022 жылдан бері облыста 15 мыңнан астам датчик орнатылды, оның 1 800-і – биыл. Осы құрылғылардың дер кезінде іске қосылуының арқасында 21 адам, оның ішінде 10 бала құтқарылды, – деп атап өтті Асет Туинбаев.

Құтқарушылар өңір тұрғындарын мұржаларды уақтылы тазалап отыруға, жанған пешті қараусыз қалдырмауға, тұтатуға тез тұтанатын сұйықтықтарды қолданбауға және жылыту құрылғыларының жарамдылығын тұрақты тексеруге шақырады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button