Абай облысыауылшаруашылығыТОП

Сенатор Сәкен Арубаев Абай облысының дамуындағы басты мәселелерді көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады

Сенатор Сәкен Арубаев Абай облысының аграрлық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуындағы бірқатар өзекті мәселелерді Үкімет назарына жеткізді. Оның айтуынша, 2022 жылы қайта құрылған өңір кезінде мал шаруашылығы мен өнім өңдеу саласында табысты жұмыс істеген аймақ болғанымен, бүгінде шешімін күтетін түйткілдер аз емес.

Сенатордың депутаттық сауалында көрсетілген негізгі мәселелер төмендегідей:

1. Қой шаруашылығын дамыту

Абай облысында 1,3 млн бас қой және пайдаланылмай жатқан 3,6 млн гектар табиғи жайылым бар. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы қой шаруашылығын кластерлік жүйемен дамытуға қолайлы.

Сенатор өңірдегі шаруашылықтардың тәжірибесі мен инфрақұрылымы мал басын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар келесі жылы іске қосылмақ «Eurasia Agro Semey» ет өңдеу кешенінің маңызын атап өтті. Кәсіпорын тәулігіне 70 бас ірі қара мен 700 бас ұсақ малды өңдеуге қауқарлы, ал екінші кезеңде бордақылау алаңының сыйымдылығы 50 мың басқа дейін жеткізілмек.

Сәкен Арубаев облыста қой шаруашылығын қолдау үшін «Игілік» бағдарламасы аясында 50 млрд теңге көлемінде қаржы қарастыру қажеттігін ұсынды.

2. Су үнемдеу технологиялары және су нысандарының жағдайы

Облыс әкімдігі су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптарды 5 жыл ішінде 19 мыңнан 88 мың гектарға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеген. Алайда 2026–2028 жылдарға арналған субсидия көлемі жеткіліксіз — қажет 21,2 млрд теңгенің орнына 5,7 млрд теңге ғана бекітілген.

Сонымен қатар облыстағы 95 су нысанының 28-і қанағаттанарлықсыз, біреуі апаттық жағдайда тұр. Сенатор сметалық құжаттамаларды тездетіп дайындап, нысандарды жөндеуге қаржы бөлуді сұрады.

3. Субсидия және несие қолжетімділігі

Ауыл шаруашылығы саласында субсидия берешегі 13 млрд теңгеге жеткен.
• Инвестициялық субсидия бойынша – 3,8 млрд (503 өтінім),
• Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау – 3,2 млрд (583 өтінім),
• Мал шаруашылығы бойынша – 2,3 млрд,
• Өсімдік шаруашылығы бойынша – 3,7 млрд (2067 өтінім) төленбей тұр.

Бұл жағдай шаруалардың жұмысына елеулі қиындық келтіріп отыр.

4. Ауылдық елді мекендердің интернетпен қамтылуы

Облыстағы 326 елді мекеннің тек 112-сі (34,7%) ғана 4G интернетпен қамтылған. 87 ауылда интернет 3G/2G деңгейінде ғана, ал 233 елді мекенде мүлде интернет жоқ.

Сенатор бұл жағдай ауылдық өмір сапасын төмендетіп, экономикалық дамуға, ауылдан қалаға көшу үдерісінің күшеюіне әсер етіп жатқанын айтты. Абай облысында халықтың 37,4% ауылда тұрады, ал республика бойынша соңғы үш жылда 116 ауылдың жойылғаны белгілі.

 

Осы айдарда

Back to top button