Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың отырысы өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың алғашқы отырысы өтті. Аудан-қала әкімдері жиынға бейнережимде қосылды.
Отырыс барысында 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың орындалу нәтижелері, жастар арасында нашақорлықтың алдын алудағы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы, есірткіге қарсы бағыттағы әлеуметтік сыртқы жарнаманың жай-күйі, жастарды салауатты өмір салтына тарту және спорттық іс-шаралар өткізу жайы талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша полиция департаменті өкілі, ішкі саясат басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары баяндады.
Абай облысында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Полиция департаментінің дерегінше, өткен жылы өңірде 195 есірткі қылмысы тіркелген. Заңсыз айналымнан 415 келі есірткі заты тәркіленген. Нашақорлықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынуда. Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында жастарды теріс ағымнан қорғауға бағытталған «Белгісіз бағыт» спектаклі сахналанды.
Өңірде жастарды спортқа тарту басым бағыттардың бірі болып отыр. Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 2024 жылы 350-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілген. Биыл 500-ге жуық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.
Аймақ басшысы отырыста полиция департаменті мен тиісті басқармаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Оқушылармен және ата-аналармен тұрақты профилактикалық әңгімелер жүргізіп, мектептерде квесттер, қойылымдар және интерактивті тренингтер ұйымдастыру арқылы жүйелі профилактиканы енгізіп, танымал спортшыларды тарта отырып, тұрақты түрде бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу қажеттігін айтты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз жастарды тәуелділіктің барлық түрінен және деструктивті ықпалдан қорғауға, қоғамда есірткі мәдениетіне нөлдік төзімділікті қалыптастыруға тиіспіз», – деп атап өтті. Келесі жылдан бастап өңір әкімдерінің нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметіне рейтингтік бағалау басталады. Бұл бағыттағы жұмыс Президент Әкімшілігінің бақылауында жүзеге асырылатын болады, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ


