Абай облысында жылыту маусымында өрт оқиғалары 44%-ға артты

Абай облысында жылыту маусымы басталғалы өрт оқиғаларының саны күрт артты. Биыл өңірде 304 өрт тіркеліп, бұл өткен маусыммен салыстырғанда 44-% ға көп. Кәсіпкерлерге тексерістерді ұйымдастыру және өткізу қағидалары, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.Бұл туралы Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы азаматтық қорғау капитаны Ерасыл Кәдірбеков баяндады.
Жалпы, ағымдағы жылдың 9 айында облыс аумағында 897 өрт оқиғасы тіркелген.Өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау «Азаматтық қорғау туралы» заңмен реттеледі. Бұл бақылау екіге бөлінеді жоспарлы және жоспардан тыс тексеру.
– Өрт қауіпсіздігі аудиті нысанның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеретін жеке қызмет түрі. Ол мемлекеттік мекемелерде, кәсіби өрт сөндіру бөлімдерінде және 50 метрден биік ғимараттарда жүргізілмейді. Жоғары не орта қауіптегі нысан оң қорытынды алса, тексеруден уақытша босатылады, бірақ қауіп туындаса немесе шағым түссе, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі,- деді Ерасыл Кәдірбеков.
Аумағы 2000 шаршы метрден асатын, адамдар көп жиналатын нысан иелері міндетті түрде азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шартын жасауы керек. Сақтандыру сомасы кемінде 75 000 АЕК болуы тиіс.
– Кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігін сақтауы тиіс өрт сөндіргіштерді тексеру, эвакуациялық шығуларды ашық ұстау, қызметкерлерге нұсқаулық өткізу және жүйелерді талапқа сай пайдалану қажет. Бұзушылық үшін жеке тұлғаларға – 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға –20 АЕК, кәсіпкерлерге – 30–100 АЕК айыппұл салынады, – деп атап өтті спикер.
Абай облысында бүгінде 14 308 нысан бақылауда.Өрттің алдын алу бәріміздің ортақ міндетіміз. Әр азамат пен кәсіпкер қауіпсіздік ережелерін сақтап, электр мен газ құралдарын дұрыс пайдаланып, өрт сөндіргіш пен дабыл жүйесін дайын ұстауы қажет.
 
				


