Мұраға қалған үйдегі «тосын сый»
2014 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан Республикасының аумағында Үкімет қаулысының негізінде халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде сатып алу акциясы өткізіледі. Ағымдағы жылы аталған жұмыс 01 сәуірден басталды, деп хабарлайды Semey News.

Осы акция шеңберінде заңсыз сақталған қару немесе оқ-дәрілері бар кез-келген азамат ішкі істер органдарының бөлімшесіне жүгініп, оларды тапсыра алады, бұл ретте ақшалай сыйақы ала алады.
Мәселен, мамыр айының басында Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны «102» жедел арнасына хабарласқан. Ол мұраға қалған саяжай үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында мылтық тауып алған. Үй иесі полиция қызметкерлеріне қару тауып алған жерін өз еркімен көрсеткен.
Табылған қаруға тиісті сараптамалар жүргізілгеннен кейін, қаруды тапсырған әйелге ақшалай төлемдер беріледі.
– Акция басталғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін жалпы сомасы 9 миллион теңгеден асатын 159 бірлікте тіркелмеген қару қабылданды. Түрі мен санатына байланысты қарудың бір бірлігі үшін төлем сомасы 10-нан 50 АЕК-ке дейін, ал ақшаға шаққанда 29 мыңнан 145 мың теңгеге дейін. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік жауапкершіліктен де, қылмыстық жауапкершіліктен де босатылады.
Semey News