Абай облысыТОП

Көкпекті ауданында оң өзгерістер байқалуда

2025 жылы Көкпекті ауданында бірқатар әлеуметтік-экономикалық жобалар іске асырылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артты.

Өткен жылы екі жоба жүзеге асса, биыл олардың саны 17-ге жетті. Аудан аумағында спорт және балалар ойын алаңдары, воркаут аймақтары орнатылды. Тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, 357,3 млн теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілді: жүзу бассейні салынды, субұрқақ жөнделді, жағажай мен қоғамдық орындар жаңартылды, кіреберіс арка, қоқыс контейнерлері мен аялдамалар орнатылды.

76,9 млн теңге ауылдық әкімдіктер, клубтар және өрт сөндіру бөлімдерін жөндеуге бағытталды. Көлік инфрақұрылымын жақсарту аясында «Үлкенбөкен – Көкжайық – Үлгілімалшы» автожолының 11 шақырымы жөнделді, басқа бөлігі 2026 жылы аяқталмақ. Бірқатар ауылдарда жолдар тегістеліп, демеушілер есебінен Көкпекті ауылында қосымша жолдар асфальтталды.

Тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда: 2024 жылы 50 үй пайдалануға берілсе, биыл 58 пәтер салынуда. Алғаш рет субсидияланатын жолаушылар тасымалы іске қосылып, Көкпекті мен жақын ауылдар арасында тұрақты маршруттар ашылды.

Ауданға 920 млн теңге жеке инвестиция тартылып, 60–80 орындық балабақша, тіс емханасы, қонақүй мен кемпинг құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпкерлік саласында құрылыс материалдары, жиһаз, азық-түлік және шұжық өнімдерін өндіретін шағын цехтар табысты жұмыс істеуде.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button