
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке және Ішкі істер министрі Ержан Саденовқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Пономаревтің айтуынша, дипфейк технологиялары жасанды интеллект арқылы нақты адамдардың бейнесі мен дауысын бұрмалап, жалған аудио және видео материалдар жасау мүмкіндігі қоғам үшін маңызды қауіп төндіруде. Ол өзіне қатысты жалған бейнематериалдар жасалғанын, одан ақша сұралғанын атап өтті.
Тіпті жақындарым да бастапқыда бұл материалдың жалған екенін түсінбеді. Бұл жағдай халық арасында да болуы мүмкін, – деді депутат.
Халықаралық тәжірибе де проблеманың маңыздылығын растайды. АҚШ 2020 жылы қорғаныс бюджетіне дипфейктерді ақпараттық қауіпсіздік факторлары ретінде енгізсе, Оңтүстік Корея 2024 жылғы парламенттік сайлау алдында дипфейктерді қолдануға тыйым салған. Кейбір елдерде жасанды интеллект арқылы жасалған материалдарды автоматты түрде анықтайтын жүйелер енгізілген.
Пономаревтің айтуынша, дипфейктер көбіне қаржылық алаяқтықта қолданылады. 2025 жылғы Feedzai компаниясының есебі бойынша, онлайн алаяқтықтың 50%-дан астамы жасанды интеллект көмегімен жүзеге асады.
Осыған байланысты депутат министрліктерге үш негізгі міндетті орындауды ұсынды:
- Цифрлық контент мониторингі орталығына дипфейктерді анықтау және блоктау міндетін жүктеу.
- Сандық бейнелер мен видеоматериалдардың түпнұсқалығын тексеретін жүйе жасау, оны тек сот қана емес, әрбір азамат қолдана алуы тиіс.
- Қоғамды ақпараттандыру және білім беру кампаниясын өткізу, дипфейктерді анықтау және цифрлық алаяқтықтан қорғану жолдарын үйрету.
Сонымен қатар депутат заңға өзгерістер енгізу арқылы дипфейктерді заңсыз қолдануға жазаны күшейтуді және жасанды интеллект өнімдерінің қолдану саласын шектеуді қолға алатынын айтты.



