Жарма ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артты

Жарма ауданында биыл ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Ағымдағы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 31 млрд теңгеден асты. Өсу қарқыны – 112,6%, ал жоспар 106,7%-ға орындалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Жарма ауданының әкімі Нұрлан Борсықбаев баяндады.
– Биылғы көрсеткіштер ауыл шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе мал шаруашылығында айтарлықтай өсім байқалады. Өндірілген өнім көлемі 23,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 21,6%-ға артты. Ет пен сүт өндірісі ұлғайып, аудан халқының азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде, – деді Нұрлан Борсықбаев.
Аудан бойынша ет өнімі 9 950,6 тонна, сүт – 30 234,2 тонна көлемінде өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тиісінше 100,8 және 101,9%-ды құрайды. Ал жұмыртқа өндірісі 20%-ға төмендеп, 2,3 млн дана көлемінде алынған.
– Өсімдік шаруашылығында биыл өнім көлемі 7,3 млрд теңгені құрап отыр. Аудан бойынша 81 мың гектар егістік алқабының 37,4 мың гектары игеріліп, өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артқан. – «Биыл дәнді дақылдардың түсімі гектарына орта есеппен 11,6 центнерден айналды. Майлы дақылдар алқаптарында орақ жұмыстары жалғасып жатыр», – деп атап өтті аудан әкімі.
Әкімнің айтуынша, алдағы кезеңде ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу және өңдеу саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.



