Абай облысыТОП

Әкімдік отырысы өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында 2025 жылдың 9 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және облыстық бюджеттің орындалуы қаралды. Отырысқа қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары, олардың орынбасарлары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев, қаржы басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Думанқызы, Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев, Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров, Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин баяндады.

Биылғы жылдың 9 айында облыста экономиканың барлық саласында дамудың оң өсімі сақталды. Өсім көлік саласында 123,4%, байланыста 106,4%, ішкі саудада 105,9%, инвестицияда 103,1%, ауыл шаруашылығында 102,8% қамтамасыз етілді.

Инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,1%-ға өсіп, 364,5 млрд теңгені құрады. Облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 339,5 млрд теңгеге жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. Өңдеу саласына салынған инвестиция көлемі 137,8% артып, 29,6 млрд теңгеге жетті.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға өсіп, 55,9 мың бірлікті құрады. Биылғы жылдың 2 тоқсанында шағын және орта бизнес субъектілерімен шығарылған өнімдерінің көлемі 14,2%-ға өсіп, 562,3 млрд. теңгеге өнім өндірілді.

Облыста қала және аудан әкімдерінің қызметін рейтингтік бағалау әдістемесі бекітілді. Рейтинг 72 индикаторды қамтитын 9 бағыттан тұрады. Оның қорытындысы бойынша Курчатов қаласы мен Абай, Көкпекті аудандары алғашқы үштіктен көрінді. Ал Семей қаласы, Аягөз, Мақаншы және Жарма аудандары соңғы орындарды иеленді.

Жиында өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, сумен жабдықтау, құрылыс салаларында көрсеткіштердің төмендегені атап өтілді. Аймақ басшысы салаға жауапты орынбасарларына, аппарат басшысына, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына Үкімет белгілеген міндеттерді уақтылы жүзеге асыруға, өңірде тұрақты өсімді сақтауға қатысты нақты тапсырмалар берді. Құрылыс қарқынын арттырып, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін ұлғайтып, арнайы қордан қаржысы қаралған жобаларда жұмыстың уақытында атқарылуын және қаражаттың толық игерілуін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы экономикалық даму сапасын арттыру мәселелеріне арналған кеңесте макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту, азаматтардың әл-ауқатын көтеру, инфляция деңгейін төмендету шараларын қабылдауды, халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшудің маңызды екенін тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасына сай әрбір аудан, қалада жыл сайын кемінде 5 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 100-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылуы қажет. Облыс экономикасының өсімін қамтамасыз ету үшін менің қатысуыммен 100-ге жуық инвесторлармен кездесу өтті. Сонымен қатар, ынтымақтастық және инвестициялау бойынша меморандумдарға қол қойдық. Өкінішке орай, инвесторларға қолайлы жағдай жасап, қажетті құжаттарын рәсімдеуге көмек беру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жандандыру керек, – деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button