МерекеСемейТОП

Республика күніне арналған салтанатты шара жоғары деңгейде өтті

Семей қаласында Ұлттық мереке – Республика күніне орай «Жасай бер мәңгі – Қазақстан!» салтанатты мерекелік шара өтті. Айтулы жиын Мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Салтанатқа қала әкімі Әділет Қожанбаев, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік жиында сөз сөйлеген қала басшысы барша қала тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

25 қазан – еліміздің тарихындағы ерекше мерейлі күн. Дәл осы күні Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылданып, Тәуелсіз мемлекет болудың алғашқы қадамы жасалды. Бұл күн – халқымыздың азат рухы мен ел болашағына деген сенімінің символы. Республика күні – мемлекетіміздің тұтастығын, бірлігіміздің берік екенін айқындайтын ұлық мереке. Бұл күн бізге ел тағдырына жауапкершілікпен қарап, тәуелсіздікті сақтау мен дамыту жолында біріге әрекет ету қажеттігін еске салады, – деді әкім.

Салтанатты кештің басты сәттерінің бірі – марапаттау рәсімі болды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан, қалаға еңбегі сіңген тұлғалар қала әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталып, құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ, концертте қазақ эстрадасының танымал өнерпаздары – «Алатау серілері» тобы ән шырқап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты шара Семей халқының бірлігін, Отанға деген сүйіспеншілігін және ұлттық құндылықтарға деген құрметін айшықтап, мерекенің мәнін арттыра түсті.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button