Семейде Евгений Сидоркиннің графикалық жұмыстарының көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы күні мен суретшінің 95 жылдық мерейтойына орай Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі Евгений Матвеевич Сидоркиннің «Қазақстан жерінде» атты көрмесін ұсынады. Экспозицияда музей қорынан алынған 38 туынды қойылған.
Евгений Сидоркин (1930–1982) — қазақстандық графика мектебінің жарқын өкілдерінің бірі. Ол Н.И. Фешин атындағы Қазан көркем училищесін, Рига көркем академиясын және И. Репин атындағы Ленинград институтын тәмамдаған. 1950-жылдардың соңынан бастап Қазақстанда өмір сүріп, шығармашылық жолын осы жерде қалыптастырған.
Көрмеде шебердің музей жинағынан алынған туындылары қойылған: қазақ эпосына, М. Әуезовтің «Абай жолы» романына, «Қыз Жібек» циклiне арналған иллюстрациялар сериясы, сондай-ақ «Қазақстан жерінде» топтамасындағы еңбектер ұсынылған. Экспозицияға сондай-ақ композициясының ықшамдығымен және образдың психологиялық тереңдігімен ерекшеленетін портреттік жұмыстар да енгізілген.
Қазақ әдебиетіне бет бұра отырып, Сидоркин орыс және шетел қаламгерлерінің шығармаларын да көркемдеген. Көрмеден көрермендер М.Е. Салтыков-Щедрин мен Ф. Рабле шығармаларына арналған графикалық парақтарды да тамашалай алады.
Евгений Сидоркиннің шығармашылығы Қазақстанның мәдени мұрасының маңызды бөлігіне айналды. Оның туындылары ұлттық нақыштар мен заманауи көркемдік ізденістердің үйлесімін паш етеді. Осы синтез арқылы ол ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақстандық графиканың өзіндік көркем тілін қалыптастырды.