Абай мұражайы 85 жылдығын атап өтуде

2025 жылдың 22 қазанында Абайдың “Жидебай-Бөрілі” мелекеттік музей қорығының құрылғанына 85 жыл толуына арналған «Заманауи музейтану: цифрландыру, қолжетімділік және тұрақты даму» халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясы өтті.
Конференция жұмысының негізгі бағыттары:
– Музейтану теориясы мен тарихы;
– Музей коллекцияларын сақтау, қалпына келтіру және есепке алудың заманауи әдістері;
– Көрме қызметі және экспозициялардың жаңа форматтары;
– Музей педагогикасы;
– Музей – креативті индустрия алаңы;
– Музейлерді цифрландыру, виртуалды экспозициялар және жасанды интеллектіні қолдану.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің атынан, Абай облысы әкімінің және филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.С.Еспенбетов, Л.Н.Толстойдың музей-қорығы директоры Е.К.Толстая, Бердақ атындағы Қарақалпақ әдебиеті тарихы мемлекеттік музейінің директоры, Қарақалпақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Ш.Пайзуллаева, Шәкәрім университеті басқарма мүшесі-ғылым жөніндегі проректорЖ.Қалибекқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтыны «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Мұқатаева Салтанат Амантайқызы құттықтау сөз сөйлеп конференция жұмыстарына сәттілік тіледі.
Пленарлық мәжіліс барысында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы директорының орынбасары М.С.Қайрамбаева «Абай музейі тарихының жылнамасы»; Беларусь мемлекетінің Янка Купала мемлекеттік әдеби музейінің ғылыми хатшысы Г.Ю.Варёнова (Минск, Республика Беларусь) «Государственный литературный музей Янки Купалы. Миссия сохранения наследия народного поэта беларуси в современном мире»; әдебиеттанушы-философ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шәкәрім университеті, Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы Т.Қ.Шаңбай «Музей фәлсапасы: генезис және метафизика»; Шәкәрім университетінің «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі А.Т.Смагулова «Шәкәрім шығармашылығын зерттеуде Абай музейі қорындағы қолжазбалардың дереккөздік құндылығы»; «Музей экспозициясын жасақтаудағы негізгі ұстанымдар мен түсініктер» тақырыбында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Б.Қ.Байболов баяндама жасады.
Сонымен қатар конференцияға Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, Абай музейінің ардагерлері мен ұрпақтары қатысты.