Абай облысыТОП

Семейде бокстан Қазақстан чемпионатының финалдық кездесулері өтіп жатыр

Облыс орталығындағы «Арена» спорт кешенінде 14-21 қазан аралығында өтіп жатқан бокс біріншілігіне еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Биылғы чемпионаттың ерекшелігі – жүлделер алғаш рет World Boxing ұйымы бекіткен жаңа салмақ дәрежелері бойынша сарапқа салынды.

Атап өтерлігі, Қазақстан чемпионатында алты бірдей әлем чемпионы, Азия біріншілігі және Олимпиада жүлдегерлері өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Әйгерім Сәттібаева, Даниял Сәбит, Сәкен Бибосынов, Элина Базарова, Серік Теміржанов, Римма Волосенко, Абылайхан Жүсіпов, Бақыт Сейдіш, Ерасыл Жақпеков, Валентина Хальзова, Сағындық Тоғамбай, Нұрлан Сапарбай өз салмақтарында үздік деп танылды. Қалған салмақтардың жеңімпаздары кешкі сессия барысында анықталады.

Біріншілікте чемпион атанған спортшылар Қазақстан ұлттық құрамасының сапына іріктеліп, алдағы халықаралық және әлемдік жарыстарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.

Финалдық жекпе-жектерді облыс әкімі Берік Уәли тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау салтанатына қатысты.

Айта кетейік, 80 келі салмақта алтыннан алқа тағынған Ерасыл Жақпеков – Абай облысының тумасы. Ол былтыр Астанадағы U-22 Азия чемпионатында алтын, Тайландтағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Биыл Нидерландта өткен «Eindhoven Box Cup» халықаралық турнирінде алтын, Болгарияда өткен беделді «Странджа» халықаралық турнирінде күміс жүлде иеленді. Биыл өңірдің былғары қолғап шеберлері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Шри-Ланкада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Жанель Имантаева мен Ақнұр Тұрсынғали өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды.

2025 жылы Абай облысының 451 спортшысы ұлттық құрамаға енді. Жыл басынан бері спортшыларымыз республикалық жарыстарда 1232 медаль (376 алтын, 337 күміс, 519 қола), халықаралық жарыстарда 182 медаль (56 алтын, 51 күміс, 75 қола) жеңіп алды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button