Абай облысыТОП

Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағында «Бақты – 2025» халықаралық форумы басталды

Бүгін ҚХР-дың Тарбағатай аймағына қарасты Тачен қаласында «Бақты – 2025» халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Ірі экономикалық және мәдени алаң саналатын бұл форум өңіраралық сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге бағытталған.

Форум жұмысына Абай облысынан арнайы делегация қатысуда. Делегацияны аймақ басшысы Берік Уәлидің тапсырмасымен облыс әкімінің аппарат басшысы Эльдар Бақпаев бастап барды. Құрамында облыстық басқарма басшылары, шекаралық аудан әкімдері, өңірдің жетекші кәсіпкерлері бар.

Абай облысы делегациясы форум аясында бірқатар инвестициялық және сауда бағытындағы кездесулер өткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыламақ. Сонымен қатар, тараптар «Бақты – Тачен» шекара маңы ынтымақтастық орталығын дамыту және екі өңір арасындағы мәдени байланыстарды кеңейту жөнінде пікір алмасады.

Іс-шара барысында қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер арасында өзара әріптестік жөніндегі бірқатар меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.

Айта кетейік, биылғы мамыр айында аймақ басшысы Берік Уәли бастаған облыс делегациясы Қытай Халық Республикасында өткен «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысып, 20-дан астам іскерлік кездесу өткізді. Жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды.

Абай облысында инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Биылғы тоғыз ай ішінде 85 шетелдік инвестормен келіссөз жүргізілді. Жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың саны 29-дан 97-ға дейін өсіп, инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,2 трлн теңгеге ұлғайды.

Қазіргі уақытта облыс аумағында шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 713,7 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың аясында 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button