Абай облысыауылшаруашылығыТОП

Абай облысында 150 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы, облыстың жергілікті атқарушы органдарындағы кадр тұрақтылығының жай-күйі және оқушыларды тамақтандыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөнінде сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов пен Абай облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Алмас Тоқсанбаев баяндады.

Облыста пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылға жоспарланған 170 мың гектар жердің 151 мың гектардан астамы қайтарылған. Жалпы облыс бойынша 423 жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті. Оның 129,8 мың гектары жайылым, 13,4 мың гектары егістік және 8,7 мың гектары өзге мақсаттағы жерлер.

Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылдың ортасына дейін мемлекет меншігіне қайтарылған барлық жерлер толық айналымға енгізілуі тиіс. Облыс бойынша бүгінде 587,3 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.

Жер ресурстарын басқару комитетінің облыстық департаментіне жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардан 216 жер пайдаланушыға тиесілі, жалпы ауданы 447,4 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерлер туралы материалдар келіп түскен. Биыл департамент 44 тексеру жүргізіп, 43,4 мың гектар аумақта 61 заң бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде жер заңнамасын бұзған 56 тұлғаға әкімшілік ескерту беріліп, 34 нұсқама негізінде қосымша салық салу жұмысы жүргізілді.

Аймақ басшысы жиында аудан әкімдеріне пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмысты жандандырып, жылдық жоспарды толық орындап, жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарларын белгіленген мерзімде әзірлеп, бекітуді тапсырды. Облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесіп 2026 жылдың 1-ші шілдесіне дейін 481,5 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізуді міндеттеді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button