Абай облысында 17 базалық және 10 қосымша жоба жүзеге асырылады

Семей қаласында «Ақылды қала» бағдарламасын іске асыру аясында 27 жоба жүзеге асырылуда, олардың 7-і толық аяқталды, ал 20-сы жоспарлы түрде орындалу үстінде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.
– Іске асырылған жобалар қатарында бағдарламалау мектептерінің жұмысы, «109» бірыңғай байланыс орталығының қызметі, «Мектеп асханасы», тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді автоматтандыру, аймақтық геоақпараттық жүйе және білім беру нысандарындағы қауіпсіздік жүйесін күшейту бастамалары бар. Аталған жобалар өңірдің цифрлық инфрақұрылымын жетілдіруге, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған. Әсіресе «109» байланыс қызметі мен Iqala жүйесі арқылы халықтың өтініштерін қабылдау және коммуналдық қызметтерді онлайн бақылау тетіктері тиімді жұмыс істеуде, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Спикердің айтуынша, алдағы кезеңде облыстың цифрлық күн тәртібі денсаулық сақтау, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, мәдениет және спорт салаларындағы «ақылды» шешімдерді енгізуге бағытталады.
– 2025 жылдың соңына дейін «Виртуалды дәрігер», «Бірыңғай есептеу орталығы», «My Semey» мобильді қосымшасы және «Белсенді азамат» сияқты жобаларды толық іске қосу көзделіп отыр. 2026–2027 жылдары іске асырылатын жобалар қатарында қаладағы жол қозғалысын басқару жүйесі, ахуалдық орталық, Семей қаласының цифрлық көшірмесі, сондай-ақ туризм мен спортты цифрландыруға бағытталған бастамалар бар,- деді Абзал Серікұлы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында белгіленген міндеттерге сәйкес, Абай облысының 2026–2030 жылдарға арналған цифрлық трансформация стратегиясы әзірленуде. Бұл стратегия өңірді деректерге негізделген басқару моделіне көшіруді, жасанды интеллект пен «Smart City» шешімдерін енгізуді, интернет инфрақұрылымын кеңейтуді және цифрлық экономиканы дамытуды көздейді.