Абай облысыТОП

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асырғаны үшін қандай жаза қауіпі бар?

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бекітілді. Аталған тізбеге 19 негізгі тағам түрі енгізілді, олардың қатарына: бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты бидай наны, рожки (өлшеулі), бірінші санаттағы жұмыртқа, қарақұмық жармасы (өлшеулі), күріш (өлшеулі), қант, күнбағыс майы және сары май, сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігі, тауық еті (жамбас және сирақ сүйегімен қоса ет бөлігі), сүт өнімдері (сүт 2,5%, 2,5% айран, сүзбе) сондай-ақ көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) мен ас тұзы  кіреді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл саясаттың негізгі мақсаты – халықты күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік өнімдерімен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болады.

Мемлекеттік бақылау – бұл мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын тексеру және қадағалау жөніндегі қызметі. Оның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғау.

Тексерулер заңдылық, айқындық және жауапкершілік қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабында ішкі сауда субъектісі қолданатын сауда үстемесінің мөлшері өндірілген бағадан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15%-дан аспауы керек.

Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің» 204-4-бабының 1-тармағына сәйкес, ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесінің мөлшерін арттырған жағдайда, әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Бұл ретте жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап құқық бұзушылық жасаған жағдайда, айыппұлдың мөлшері екі еселенген көлемде салынады.

Осындай мысалдардың бірі ретінде Абай облысын атап өтуге болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мақсатында Абай облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бері «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарын бұзу бойынша 122 материалды қарап, тиісті шаралар қабылдаған.

Соның ішінде Семей қаласында – 72, Үржар ауданында – 17, Аягөз ауданында – 11, Курчатов қаласында – 10, Мақаншы ауданында – 9, Бородулиха ауданында – 2 және Абай ауданында – 1 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар, сатушылар сауда орындарын және дүкен сөрелерінде сатылатын тауарлардың бағасын көрсететін баға жапсырмаларын орналастыру міндеттемесі жүктелген.

Баға жапсырмасының болмауы, тауардың жапсырмада көрсетілген бағадан қымбат бағамен сатылуы, сондай-ақ тауар бағасының сауда объектісінің сөрелерінде ұлттық валютада (теңге түрінде) көрсетілмеуі жағдайларында әкімшілік жауаптылық көзделген.

Бұл ретте шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 6 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 айлық есептік көрсеткіш, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Сауда субъектілерімен сауда үстемесін арттыруға жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ сауда қызметі саласындағы заңнаманы талаптарын сақтау қажеттілігі жөнінде жадынамалар беріледі.

Сондай-ақ, тұтынушылардың өз құқықтары мен оларды қорғау шаралары туралы ақпараттандыруды күшейту мақсатында, департамент бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде белсенді түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. (Instagram және Facebook: sauda.dep.abai).

Осы айдарда

Back to top button