Абай облысыТОП

Аягөзде әлеуметтік үйлердің жекешелендіру мәселесі заң аясында шешіледі

Аягөздегі 267 тұрғын үй әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы, толық емес отбасыларға берілген. Дегенмен, ағымдағы жылы аталған үйлерді жекешелендіруге байланысты қиындықтар туындаған. Аталған мәселе бойынша облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен облыстық жұмыс тобы құрылды. Бүгін жұмыс тобының мүшелері аудан тұрғындарымен кездесіп, заң аясында атқарылатын шараларды егжей-тегжейлі түсіндірді.

Абай облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Мейіржан Қалиасқаровтың айтуынша, мәселе жер учаскелерінің құқықтық рәсімделмеуінен туындаған.

-Ең бірінші Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жерге деген меншік құқығы және үйге деген меншік құқығы бір-бірінен ажыратылмайды. Ал берілген үйлердің жерлеріне қатысты кадастрлық төлемдер мемлекетке төленбеген. Бұл тұрғындардың емес, үйлерді салған және сатқан кәсіпкерлердің тарапынан кеткен заң бұзушылықтар, – деді Мейіржан Қалиасқаров.

Оның айтуынша, ендігі кезекте кәсіпкерлер мен аудандық әкімдік бірлесе отырып, ортақ шешім қабылдауы тиіс. Әрбір жер учаскесі бойынша кадастрлық төлем көлемі 300 мыңнан 700 мың теңгеге дейін.

-Егер кәсіпкерлер өз еріктерімен төлем жасамаса, уәкілетті органдар сотқа жүгініп, төлемді мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады. Бірақ тұрғындар алаңдамасын – ешкімді үйінен қуып шығармайды. Тек жекешелендіру рәсімі 1-2 айдың ішінде шешімін табады, – деп нақтылады Мейіржан Қалиасқаров.

Аягөз қаласының тұрғыны, көп балалы ана Күмісхан Қыдырмолдина билік өкілдерінен бұл мәселенің тезірек шешілуін сұрады.

-Мен жаңа жиналысқа қатыстым. Прокуратура, аудандық әкімдік, облыс әкімінің орынбасары болды. Біздің аналардың бар тілегі – үйлерді жекешелендіріп, жер мәселесін заңды түрде шешіп беру. Қараша айына дейін шешіледі деді, соны күтеміз, – деді ол.

Облыс әкімі Берік Уәли бұл мәселені қараша айының соңына дейін толық шешуді тапсырды. Жұмыс тобы осы уақыт ішінде тұрғындардың өтініштері мен құжаттық рәсімдерін заң шеңберінде реттейтін болады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button