
Startup Alley – форумның маңызды бөлігі және жас компаниялар идеяларын инвесторларға, сарапшыларға, бизнес өкілдеріне және мыңдаған қатысушыға ұсына алады.
Жобалар білім беру, медицина, мобильдік шешімдер, финтех, экотехнологиялар мен биометрия секілді жасанды интеллект пен IT-дің түрлі салаларын қамтиды. Сонымен бірге, көрмеде IT-компаниялар бұлтты сервистер, киберқауіпсіздік, финтех және әлемдік цифрлық күн тәртібін айқындайтын басқа да технологиялар бойынша заманауи шешімдерді ұсынды.
Startup Alley қатысушылары арасында білім беру, медицина және жасанды интеллектіні үйлестірген жобалар бар. Мәселен, WeGlobal.AI жасанды интеллектіні қолданып, оқушыларға кәсіби бағдар беріп, психологиялық қолдау алуын қамтамасыз етеді. Осылайша, дағдарыстың алдын алып, деректерге сүйеніп, білім беруді басқаруға мүмкіндік береді.
Ал Aiutante когнитивті ауытқуы бар қарттарға күтім жасауды жеңілдетіп, туыстарды, медицина қызметкерлерін және күтушілерді бір жүйеге тоғыстырады. CYBERPACK.AI – мектептерге арналған толыққанды STEAM-экожүйесін дамытса, Biometric.Vision – биометриялық сәйкестендіру мен клиенттерді қашықтан тексеруге мүмкіндік беретін технологияларын енгізіп келеді. Бұл компанияларға алаяқтық сын-қатерін азайтуға мүмкіндік береді.
– Біз форум аясындағы көптеген бастамаға белсенді қатысып, әр мүмкіндікті өнімді ілгерілету үшін пайдаланып жатырмыз. Стартаптар аллеясында әлеуетті серіктестермен және болашақ клиенттермен танысып, нәтижелі пікір алмаса бастадық. Мұндай іс-шараларға бұрын да қатыстық, бұл жобаның дамуына септігін тигізіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді CYBERPACK.AI компаниясының қаржы директоры Мансұр Ахмеров.
Көрмеде медицина мен тұрақты даму бағытындағы шешімдер де ұсынылған. Бұл ретте NeuroGuard нейродегенеративті ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді, ал Ascle дәрігерлердің уақытын үнемдеп, айтылған мәтінді медициналық картаға және алдын ала диагнозға айналдырады.
Bas Taxi – такси мен курьерлік сервистерді біріктіретін ұлттық мобильдік платформаны дамытса, Aquaguard – гиперспектралды түсірілімдер арқылы су ресурстарын пайдалануды бақылайды. Ал Агротехнологиялық хаб – «мұздықтан егістікке дейінгі» су қозғалысын қадағалайды.
Қаржылық және бизнес-бағыттағы шешімдердің ішінде алақан тамырларының биометриясы арқылы төлем жасайтын Alaqan технологиясы және процестерді автоматтандыруға арналған интеллектуалды өнімдер әзірлейтін Shai.pro AI зертханасы бар.
Еске сала кетсек, 2–4 қазан күндері Астанада технологиялар мен жасанды интеллект саласында Digital Bridge халықаралық форумы өтіп жатыр. Биыл айтулы оқиға 30-дан астам елден келген 30 мыңнан астам қатысушы, жүзден астам инвестор мен 400-ден астам спикердің басын қосты. Барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылған.
ЭКСПО көрмесіне салынған «Нұр әлем» павильонының орнында ALEM.AI алғашқы ЖИ орталығы ашылды. Онда Telegram, Presight, Яндекс компанияларының ЖИ бойынша зертханалары мен өкілдіктері ашылмақ.
Сонымен бірге, Қазақстанда ЖИ-терапевт пен фельдшерді қорғайтын видеожетон жасалды.