Абай облысыБілімТОП

Ақсуат ауданында білім беру ұйымдарына 30 млн теңгеден астам демеушілік қолдау көрсетілді

Абай облысының білім басқармасы білім беру ұйымдарына көрсетіліп жатқан демеушілік пен қайырымдылықты насихаттау мақсатында «1 мектеп – 1000 қолдау» жаңа айдарын бастайды. Алғашқы материал Ақсуат ауданындағы меценаттық игі істерге арналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елге қомақты инвестиция тартудың және жаңа инвестициялық кезеңді бастаудың маңызын атап өтті. Бұл ұстаным өңірлерде әлеуметтік жауапкершілік пен қолдау көрсету мәдениетін дамытуға да негіз болып отыр. Осы бағытта Ақсуат ауданында соңғы жылдары мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға және тарихи-өлкетану мұражайларын қайта жабдықтауға 30 млн теңгеден астам демеушілік қолдау көрсетілді.

Екпін ауылында жаңа мектеп құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлеуге меценат Дулат Тастекеев 15 млн теңге, облыстық мәслихат депутаты Қайырлы Касенов 5 млн теңге бөлді. Қызылкесік ауылындағы Би Боранбай атындағы мектеп жанындағы тарихи-өлкетану мұражайы 2,3 млн теңгеге жөнделіп, келер оқу жылына 1 млн теңгеге интернет-киоск пен тарих кабинетін жабдықтау жоспарланған.

Би Боранбай мектебінде 1,5 млн теңгеге жабдықталған биология кабинеті ашылып, оған Асқар Жакулиннің есімі берілді. Сонымен қатар пәндік олимпиадаларға аудандық деңгейде 300 мың теңге, облыстық деңгейде 2,3 млн теңге демеушілік жасалды.

Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектеп түлектері дәстүрлі түрде қолдау көрсетіп келеді. Соңғы жылдары мектепке 1 млн теңгеге панель тақта, 700 мың теңгеге ноутбук, 2 млн теңгеге кіреберіс арка сыйға берілді. Сондай-ақ белгілі мүсінші Аманжол Мүкенов 600 мың теңгеге мектепке Ғ. Мұратбаев портретін тарту етсе, ардагер ұстаз Сайраш Ахметбаеваның ұрпақтары 1 млн теңгеге панель тақта орнатып берді.

Тана мырза мектебінде ардагер ұстаз Қ.Құттыбаев атындағы тарих кабинеті ұлы Ержан Құттыбаевтың демеушілігімен 900 мыңға жуық теңгеге қайта жабдықталды.

ҰОС ардагері Л. Елеусізов атына берілген даңқ залын ұрпақтары Қайрат Лепесов және туыстары алғаш рет 2013 жылы жабдықтаса, биыл мектептің 60 жылдық мерейтойы аясында залды мұражайға айналдырып, 1,5 млн теңгеге жаңа құралдармен қайта толықтырды. Ардагер ұстаз Күлзира Нұрсейітованың ұрпақтары Бақытжан Қажыкенов пен Гүлнара Жунусова екі жыл қатарынан математикадан аудандық олимпиада өткізіп, теннис пен футболдан жарыстар ұйымдастырды. Жалпы құны 1 млн теңге болатын сыйлықтар табыстап, кабинетке көрнекіліктер мен жаңа еден жабындысын төсеп берді. Ал ардагер ұстаздар Ануарбек Абылқасымов пен Гүлбану Смыкованың ұрпақтары ата-аналарының атына ашылған орыс тілі кабинетін 2022 жылы 1,2 млн теңгеге жабдықтаса, биыл мектептің 60 жылдығына орай 1 млн теңгеге заманауи панель тақта сыйлады.

Осылайша Ақсуат ауданында жомарт жандар мен түлектердің қолдауы арқасында білім беру ұйымдарының мүмкіндігі кеңейіп, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалып келеді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button