Абай облысыТОП

Абай облысында интернет-дүкен арқылы тапсырыс берілген, үлгіге сәйкес келмейтін тауарды берген жеке кәсіпкерге айыппұл салынды

Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушы ретінде құқықтары бұзылған Алматы қаласының тұрғынынан шағым келіп түсті.

Өтініш иесінің айтуынша, интернет-дүкен арқылы тапсырыс берген тауары ұсынылған үлгіге сәйкес келмеген. Бұдан бөлек, сатып алушының тауарды қайтару туралы өтініші де сатушы тарапынан қанағаттандырылмаған.

Осы жағдайға байланысты, Департамент мамандары тексеру жүргізді. Тексеру барысында кәсіпкерге Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаның нормалары, соның ішінде тұтынушының құқықтарын негізсіз шектеуге болмайтындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» (ары қарай – Заң) Заңының 7-бабының 7-тармағына сәйкес, тұтынушы тауарды тиісті немесе тиісті емес сапада айырбастауға немесе қайтаруға құқылы.

Сондай-ақ, осы Заңның 25-бабының 5-тармағына сәйкес, тауар үлгі, сипаттама немесе электрондық сауда арқылы сатылған жағдайда, сатушы тұтынушыға мәлімделген сипаттамаларға толық сәйкес келетін тауарды беруге міндетті.

Тексеру нәтижесі бойынша, жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ары қарай ӘҚБтК) 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (ары қарай – АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде қатаң жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ, бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты уақытылы бермегені немесе мүлде бермегені үшін 20 АЕК мөлшерінде жеке әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Осылайша, шағымды қарау нәтижесінде тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді, ал мәселе қолданыстағы заңнама аясында шешімін тапты.

Тұтынушыларға арналған түсіндіру

Абай облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті келесіні еске салады:

– ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 13-бабына сәйкес, тауар үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сатылған жағдайда, тұтынушы мәлімделген сипаттамаларға толық сәйкес келетін тауарды алуға құқылы;

– Ал 25-бапқа сәйкес, үлгі және (немесе) сипаттама бойынша, сондай-ақ электрондық сауда шеңберінде сатылған тауарды сатушы міндетті түрде осы талаптарға сай етіп беруі тиіс.

 Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы С. Нұртазин

Осы айдарда

Back to top button