Абай облысыСемейТОП

Семейге Сыр елінің делегациясы келді

Бүгін Абай облысына Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация келді. Делегация құрамында Сенат және Парламент депутаттары, кәсіпорын басшылары, ардагерлер, мәдениет және өнер адамдары бар.

Қызылорда облысының өнер күндері аясында Сыр елінен келген меймандар әуелі Семейдегі «Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын аралап, құнды жәдігерлермен танысты.

1940 жылы ашылған мәдени нысанның облыс аумағында 9 филиалы жұмыс істейді. Музей қорында 22 мың жәдігер бар.

Аймақ басшысы осы жерде қонақтарға «Semey Smart City» шағын ауданының құрылыс жобасын таныстырды. Қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан жаңа ауданда 75 мың тұрғынға арналған тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтеретін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің 11 өңірі Семей қаласында бір нысан салып беруге өз ұсыныстарын берді. Маңғыстау облысы Достық үйінің іргетасын қалады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығын, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы Келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы рәміздер алаңын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағажайын абаттандыруды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда 1100 гектар аумаққа жаңа ықшам аудан салуды жоспарлап отырмыз. Соған орай Семей қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізіп жатырмыз. Жаңа ықшам ауданға Абайдың 180 жылдығына орай Президенттің тапсырмасына сәйкес барлық облыстар бір-бір ғимарат салу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде,- деді облыс әкімі.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен үлкен жобаны қолға алып жатыр екенсіздер. Біз де бұл игілікті іске өз үлесімізді қосамыз. Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы бар. Сондай ғимараттың бірін жоспарлайтын шығармыз, – деді.

Делегация Семей қаласында орналасқан еліміздегі автобус құрастыратын жетекші кәсіпорындардың бірі «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС, жүк көліктерін, арнайы техниканы құрастырумен айналысатын «СемАЗ» ЖШС және кең ауқымды қаптама өнімдерін шығаратын «Казполиграф» ЖШС секілді өңірдегі ірі кәсіпорындарды аралады. Қызылорда облысы әкімдігі өкілдері өңірдегі кәсіпорындардың өнімдеріне қызығушылық танытып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button