Абай облысыСемейТОП

Абай облысында ерлік жасаған полицейлер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан марапатталды

10 қыркүйек күні Семей қаласында қайғылы оқиға орын алуы мүмкін еді. Таңғы сағат 09:00 шамасында облыстық сот ғимараты маңында жылу электр орталығының үш қызметкері кәріз құдығына түсіп, екеуі есінен танып қалған.

Алғаш болып көмекке келгендер – ҚР ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері: полиция старшинасы Аслан Какенов, аға сержанттар Ерзат Баймулаев пен Айгерім Мұхтарбекова, сондай-ақ кіші сержант Турсынбек Айтказы.

Аслан Какенов пен Ануарбек Жұмаділов саты алып келіп, жұмысшыларды құтқаруға тырысқанымен, алғашқы әрекеттер нәтиже бермеді.

Айгерім Мұхтарбекова жедел жәрдем шақырады. Ерзат Баймулаев өзіне арқан байлап, газқағар киіп, ес-түссіз жатқан екі жұмысшының жанына түседі. Сол уақытта оның қауіпсіздігін әріптестері қамтамасыз етті.

Қызметкерлердің үйлесімді жұмысының арқасында ес-түссіз жатқан екеуін жердің бетіне қарай алып шығады. Зардап шеккендер дәрігерлерге тапсырылды, олардың өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ.

Абай облысы Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалғаннан кейінгі алғашқы шешімдерінің бірі ретінде полиция полковнигі Эльдар Данияров аталған қызметкерлерді ҚР ІІМ атынан ведомстволық марапаттармен марапаттады: Аслан Какенов пен Ерзат Баймулаев — «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен;
Айгерім Мұхтарбекова — ҚР ІІМ-нің Алғыс хатымен;
Соттың шаруашылық бөлімінің қызметкері Ануарбек Жұмаділов — ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сіздердің батыл әрекеттеріңіз бен кәсібиліктеріңіз азаматтардың қауіпсіздігі мен өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарды. Мұндай үлгілер — бүкіл полиция қызметкерлері үшін ерліктің нағыз үлгісі, — деді Эльдар Данияров.

Осы айдарда

Back to top button