Денсаулық сақтау

Жүрек қайтадан бірқалыпты соғады…

Семей қаласындағы «СМУ» КеАҚ Университеттік госпиталінде жүрекке жоғары технологиялық ота – бірарналы ішкі сүт безі артериясы арқылы коронарлық шунттау (маммаро-коронарлық шунттау) 1948 жылы туған науқас әйелге сәтті жасалды. Пациент кеуде тұсындағы ауырсынуға, ентігуге, әлсіздікке және ауа жетіспеушілігі сезіміне шағымданып түскен.

Мұндай араласудың құны 3 миллион теңгеден асады, алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің арқасында операция мүлдем тегін жасалды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, елімізде ишемиялық жүрек ауруы диагнозымен 300 мыңнан астам науқас диспансерлік есепте тұр. Олардың көбіне дер кезінде жасалған хирургиялық араласу өмірін сақтап қалуға қажетті.

Қазақстандағы кардиохирургиялық орталықтар жыл сайын мыңдаған жүрекке ота жасайды, әрі мұндай араласулар саны жылдан жылға артып келеді. Бұл өз кезегінде жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімді едәуір азайтып, пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Маммаро-коронарлық шунттау – ишемиялық жүрек ауруын хирургиялық жолмен емдеудің заманауи әдісі. Бұл әдісте тарылған немесе бітелген тамырды айналып өтетін жаңа қан ағымының жолы жасалады. Ол үшін пациенттің өз ішкі кеуде артериясы (ішкі маммарлық артерия) алынып, жүректің коронарлық артериясына жалғанады. Осындай ота жүрек бұлшықетінің қалыпты қанмен қамтамасыз етілуін қалпына келтіреді, кеуде тұсындағы ауырсынуды азайтады, ентігуді жояды және пациенттің жалпы жағдайын айтарлықтай жақсартады.

Біз мұндай операцияларды жүректің қалыпты жұмысын қалпына келтіру үшін жасаймыз. Басты мақсат – пациенттердің қайтадан толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау. МӘМС жүйесінің арқасында мұндай жоғары технологиялық араласулар баршаға қолжетімді болып отыр, – деп атап өтті жүрек-қантамыр хирургы Ернұр Қазымов.

Бүгінде өңірде кардиохирургия қарқынды дамып келеді: жыл сайын мыңдаған пациент өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін тегін көмек алады. Бұл оқиға мемлекет қолдауының маңызын және МӘМС жүйесінің тиімділігін айқын көрсетіп отыр.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button