Абай облысыТОП

Абай облысында жұмысшы мамандарды даярлаудың жаңа мүмкіндіктері таныстырылды

Абай облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында баспасөз туры өтті. Шара барысында БАҚ өкілдері өңірдегі ең көне оқу орындарының бірі – Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің жұмысымен танысты.

1946 жылы құрылған колледж жылдар бойы түрлі салаға мыңдаған маман дайындап келеді. Мұнда 1300-ден астам студент білім алады, ал оларға 140-тан аса педагог пен 200-ге жуық қызметкер сапалы білім береді.

Колледж – Қазақстанда аэрофотогеодезия саласы бойынша маман даярлайтын жалғыз оқу орны. Мұнда дрондар, ұшақтар және спутниктерден алынған деректер негізінде карталар, цифрлық рельеф модельдері мен ортофотопландар жасайтын кәсіби мамандар дайындалады.

Баспасөз тур барысында аэрофотогеодезия бағытына ерекше көңіл бөлінді. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арайлым Исабекова бұл мамандықтың елімізде теңдесі жоқ екенін, түлектері Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие екенін атап өтті.

– іс-шараның басты мақсаты – геодезия ғылымының қыр-сырын меңгеріп жатқан студенттеріміздің әлеуетін көрсету. Олар республикалық деңгейде өздерін талай дәлелдеді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында осы жетістіктерімізді бөлісуге асықтық. Біз 9-сынып та, 11-сынып түлектерін де қабылдаймыз. Жастардың бұл мамандыққа деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді, – деді Арайлым Исабекова.

Колледждің 1-курс студенті Нұрасыл Ұлықбек те мамандығы жайлы ойын айтты:

– Геодезист болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – болашақты жоспарлау, жердің қыр-сырын зерттеу. Маған осы жағы қатты ұнады. Бұл мамандық жастарға үлкен мүмкіндіктер береді. Оқуға түсуге дайындық кезінде көп ақпарат жинап, зерттедім, – деді ол.

Жыл сайын геодезияға қызығушылық артып келеді. Биыл ғана 510 талапкер колледж студенті атанды. Оқу орны халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, дуалды білім беру тәжірибесін дамытып отыр. Кәсіпорындармен бірлесе 16 білім беру бағдарламасы жасалған. Өткен жылы 45 оқытушы өндірістік базаларда тәжірибеден өтті. Ал қазан айында 10 студент пен 2 өндірістік оқыту шебері Германияға үш айлық тағылымдамаға барады. Сонымен қатар 4-курс студенті Нұралы Құмарбеков Қазақстан атынан 2025 жылы өтетін «EuroSkills Herning» халықаралық чемпионатына қатысады.

Баспасөз турда қонақтарға геодезистердің күнделікті жұмысында қолданатын құрал-жабдықтары көрсетілді. Сондай-ақ студенттердің еңбек дағдыларын меңгеретін шеберханалар таныстырылды.

Пилоттық жоба аясында жоғары сынып оқушылары орта білім аттестатымен қатар, жұмысшы мамандығы бойынша диплом алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл олардың еңбек нарығына тез бейімделуіне және әрі қарай білімін жалғастыруына жол ашады.

Шара колледждің дамуын, орта арнаулы білімнің аймақтағы маңызын және жастарға жаңа мүмкіндіктердің ашылып отырғанын айқын көрсетті.

Осы айдарда

Back to top button