Үкімет контейнермен жүк тасымалдауға арналған арнайы бағдарлама қабылдайды — Жолдау
Үкімет пен әкімдіктер автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсартуы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты.

— Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн. «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысын тездету керек. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады. Сонымен қатар көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасаған жөн. Себебі мемлекет инвестициясының экономикалық қайтарымы айқын болуы тиіс. Контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керек. Әлемде құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 16 пайыздан астамы контейнермен жіберіледі. Бірақ, елімізде оның үлесі әлі де төмен — небәрі 7 пайызға жуық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Үкімет контейнермен жүк тасымалдау ісін жандандыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Онда мультимодальді бағыттарды дамытатын пәрменді шаралар да қарастырылуға тиіс. Ішкі тасымалдың көлемін және бәсекеге қабілетін арттыру үшін тариф саясатының тиімді әрі түсінікті болуы айрықша маңызды рөл атқарады. Қазіргі тариф қалыптастыру жүйесінде бірізділік жоқ, ол нарыққа икемделмеген.
— Үкімет жыл соңына дейін көліктің барлық түрін ескере отырып, бәсекеге қабілетті тариф саясатын әзірлеуге тиіс. Жүк тасымалдаушылар рәсімдердің көп уақыт алатынын айтып, жиі шағымданады. Олар әр қызметті түрлі цифрлық жүйе арқылы рәсімдеуге мәжбүр. Тіпті, бұрынғыдай қағаз толтырып, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Кейбір шекара және кеден бекетінде сапалы интернет жоқ. Бұл да жұрттың наразылығын туғызады. Осындай келеңсіз жағдайларды тез арада түзетуіміз қажет. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдана отырып тасымалды басқарудың кешенді, көпбейінді цифрлық платформасын енгізу керек. Бұл жұмысты тездетіп аяқтау қажет. Қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосқан жөн. Бұл жүйе инфрақұрылымды жеке компанияларға автоматты түрде бірдей қолжетімді етеді. Шекарадағы өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Биыл 8 бекет толығымен іске қосылады. Алдағы 3 жылда тағы 34 бекет жаңарады. Бұл — өте ауқымды шаруа. Себебі, кейбір бекеттердің сапасы сын көтермейді, қазіргі заманның талабына сай келмейді, еліміздің беделіне нұқсан келтіреді. Автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсартуды Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын. Еліміздің бүкіл аумағында кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастыру — өте маңызды міндет. Транзиттік жүктердің «жасыл дәліз» қағидасымен еш тосқауылсыз өтуіне барынша жағдай жасау қажет, — деді Мемлекет басшысы.