Облыс әкімі «УК ЮНИС» кәсіпорнының жұмысымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында «УК ЮНИС» тігін фабрикасының қызметімен танысты.
Кәсіпорын шұлық-тоқыма, трикотаж, қолғап және тігін бұйымдарын өндірумен айналысады. Жылдық өндірістік қуаты 300 000-нан астам дана өнімді құрайды.
Мекеме 1993 жылы құрылған. Мұнда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Фабрикада шұлықтар, жемпірлер, жилеттер, бас киімдер, шалмалар, спорттық костюмдер, футболкалар, жейделер, жұмыс және медициналық киімдер, сондай-ақ шапандар мен қолғаптар шығарылады. Жалпы 123 түрлі өнім өндіріледі.
Кәсіпорын өнімдері еліміздің күштік құрылымдарына және ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарына да жеткізіледі. Бұл бағытта компанияның көпжылдық тәжірибесі бар. Сонымен қатар, өнім түрлерін көбейтіп, трикотаж бұйымдарын өндіруді дамыту жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы кәсіпорын өндірісімен танысып, киім дүкенін аралап көрді. Өндіріс орнының өнім көлемін арттырып, жаңа нарықтарды игеру қажеттігін атап өтті.
Бұл – аймақ үшін маңызды өндіріс орны. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өңірдегі ірі кәсіпорындар отандық тауарды қолдап, осында тапсырыс беруі қажет. Кәсіпкерлік басқармасына осы бағытта жұмыс істеуді тапсырамын. Өнімдерді қаладағы сауда орындарына шығарып, жұртшылыққа кеңінен насихаттау маңызды. Отандық өнімді жан жақты қолдауымыз керек. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ