Шығыс кентінде салынып жатқан 300 орындық мектепке инженерлік желілер тартылуда

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан Шығыс кентіндегі 300 орындық мектепке инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда су құбыры желілерін тарту қарқынды жүргізілуде. Қажетті материалдар толық жеткізілген. Мектептегі құрылыс-монтаж жұмысы тамыз айында басталған.
Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевтың айтуынша, 2 жарым шақырым аумаққа су желісі тартылады. Қазіргі уақытта 800 метр аумаққа жүргізілген. Су тарту жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы мердігер компания өкілдеріне жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жауапты басқармаларға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Шығыс кентінде салынып жатқан 300 орындық мектеп қала тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан. Қазіргі таңда мұнда су тарту жұмысы жүргізілуде. Бұл аумақта бұған дейін сапалы ауыз су болмаған. Инженерлік желілер тек мектепке ғана емес, осы аумақтағы тұрғындарды да ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Келесі жылы мектепке дейінгі көшенің жолына асфальт төселіп, жарық тартуды жоспарлап отырмыз. Жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Желілерді уақтылы және сапалы жасап, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау қажет, – деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста екі мектеп салынып жатыр. Аягөз қаласындағы 600 орындық мектеп 2-інші тоқсанда пайдалануға берілмек. Айта кетейік, жоба аясында биыл өңірде 3 мектеп пайдалануға берілді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ