Облыс әкімі қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли «Асыл Мирас» аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығының жетекшісі, облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Арайлым Әлімжанова, Абай облысының қоғамдық кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Николай Исаев және Қазақстан журналистер одағының Абай облыстық филиалының төрағасы, Семей қалалық мәслихатының депутаты Хасен Молдабаевты қабылдады.
Кездесуде Арайлым Әлімжанова жас жұбайларға арналған оқыту курстарын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтты. «Жанұя мектебі» деп аталатын жоба Әлихан Бөкейхан университетінің ғалымдарының қолдауымен, психологтар мен АХАЖ қызметкерлерінің қатысуымен өткізіліп, жастарды болашақ отбасылық өмірге дайындауға бағытталады. Сонымен бірге ауылдық жерлердегі әйелдерді қолдау мәселесін көтерді. Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныстарды қолдайтынын атап өтіп, Ішкі саясат басқармасына концепция әзірлеуді тапсырды.
Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Николай Исаев Семей қаласындағы балалар паркін жаңғырту, тарихи қиылысты абаттандыру, тарихи орындардың картасын әзірлеу, қараусыз қалған гараждарды ретке келтіру, Шүлбі кентінде жылыжайлар ашу, Ертіс өзенінде көлік қатынасын қалпына келтіру, қала құрылысы жөніндегі кеңесті қайта құруға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аймақ басшысы орынды ұсыныстарды облыс игілігі үшін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Хасен Молдабаев Қазақстан журналистер одағының Абай облыстық филиалының үш жылда атқарған жұмысы туралы баяндады. Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі, қоғаммен байланыс және саясатты жетілдіруге байланысты ойларын ортаға салды.
Бүгін облыстағы қоғамдық ұйым өкілдерімен, белсенді азаматтармен кездестім. Кездесуде айтылған ұсыныстарды жұмыс барысында назарға алып, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ