
Биыл қала тұрғындарын дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту үшін арнайы жоспар бекітіліп, қалалық бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұрболат Рахымғажинов баяндады.
– Аталған жоспарға сәйкес қалада адам көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктер белгіленіп, барлық жастағы азаматтар үшін «Баршаға арналған спорт» тегін жобасы іске асырылатын болады. Яғни, келесі спорт түрлері бойынша сауықтыру іс – шаралары өткізіледі: CrossFit, Yoga, Zumba, Street Workout, шахмат, садақ ату, скандинавиялық серуендеу, бадминтон, жағажай волейболы, жүгіру. Сонымен қатар, қыркүйек айында спорттың 10 түрінен барлығы 100 іс – шара өтеді. Бүгінгі күні аталған жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, жаттығу кестесі құрылуда, – деп атап өтті спикер.
Бас маманның айтуынша, Семей қаласының 9 спортшысы әртүрлі спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген.
– 6 қыркүйек күні орталық «Арбат» алаңында күштік экстримнен «Қажымұқан жолы» спорттық іс-шарасы өтеді. Бұл жарыс республикалық «Қажымұқан жолы» турниріне іріктеу кезеңі болып табылады. Сондай-ақ, Қала күні мерекесі қарсаңында тұрғындарға арналған бірқатар ауқымды спорттық шараларды өткізу жоспарлануда, – деді Нұрболат Рахымғажинов.
Елімізде «Кекушинкай каратэ бойынша Барлық Қазақстандық ұйым» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Ұйымның алдағы жоспарлары жайлы Абай облысы бойынша директоры Гүлнар Жақаева атап өтті.
– Біздің ұйым облыстық және қалалық спорт басқармаларының қолдауымен жұмыс істеп келеді. Филиалдың спортшылары Азия және Қазақстан чемпионаттарының, халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпаздары атанып, Жапония, Грузия, Ресей, Өзбекстан сияқты елдерде ел намысын қорғап жүр. Қазіргі таңда өңірде 10 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде айналысады. 2024 жылы «Абай Аренада» «Еуразия Кубогы – 2024» өткізілсе, «Ояма Кубогы» турнирі және 15-тен астам спорттық шара ұйымдастырылды. Бүгінде филиалдың қоржынында – 5 спорт шебері, 50 спорт шеберіне үміткер, 100-ден астам бірінші разрядты спортшы, 25 төреші және 3 жаттықтырушы санаты бар. Балаларға арналған тегін және жеңілдікпен сабақтар қарастырылған. Біз алдағы мақсаттарға үлкен команда ретінде бірге жетуге дайынбыз! – деп түйіндеді Гүлнар Жақаева.