«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы қаралды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында облыста салынған медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарының жәй-күйі қаралды. Бұл туралы облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков және Абай облысының санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев баяндады.
2023-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 65 жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарын салуды көздейді. Екінші кезеңде Аягөз аудандық ауруханасының 2 жапсарма құрылысын және Үржар аудандық ауруханасының инсульттық орталығын салу жоспарланып отыр. Үшінші кезең – мамандармен қамтамасыз ету.
Бірінші кезең бойынша 65 нысанның 62-сі салынды. Үржар ауданындағы 50 адамға арналған, 10 төсек-орындық стационары бар амбулатория және Ақсуат ауданындағы Аққала мен Қожагелді медициналық пункттерін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Екінші кезең бойынша Аягөз аудандық ауруханасының реанимациялық бөлімшесіне арналған жапсарма құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда МРТ құрылғысына арналған жапсарма құрылысы басталды. Үржар аудандық ауруханасында инсульттік орталықтың құрылысы жүріп жатыр.
Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергенов пен Құрылыс басқармасына «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында облыста салынған медициналық нысандарды қабылдауға қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жедел аяқтауды тапсырды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына аудан, қала әкімдерімен бірлесіп нысандарда анықталған кемшіліктерді жою барысын қатаң бақылауға алуды, Денсаулық сақтау басқармасына нысандардың құжаттарын толық рәсімделуін қадағалап, апта сайын баяндап отыруды жүктеді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ