Абай облысында өңірлік инвестициялық штабтың алғашқы отырысы өтті

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиынға инвесторлар, кәсіпкерлер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Отырыста «Eurasia Agro Semey» ЖШС, «PANA Complex Semey» ЖШС, «Yqylas Invest» ЖШС жобаларының іске асырылу барысы талқыланды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірлік инвестициялық жобалар пулына 86 жоба енгізілген. Жалпы құны 3,2 трлн теңгеден асатын бұл жобалар 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Олардың қатарында аграрлық кешендерді дамыту, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бар.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы өңірдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін айтып, қала-аудан әкімдеріне инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Енді инвестициялық штабтың отырысын ай сайын өткізіп отыратын боламыз. Облысымыздың аудандарының әлеуеті, мүмкіндігі бола тұра инвестициялық жобалар өте аз. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру керек. Біз инвесторлардың Абай облысының экономикасына қосатын үлесін жоғары бағалаймыз. Өз атымнан өңіріміздің экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген барлық инвесторларға алғысымды білдіремін. Әрбір инвестициялық жоба – өңірдің дамуы үшін маңызды. Заңнама аясында инвесторларға тиісті қолдау көрсетілетін болады, – деді аймақ басшысы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ