Абай облысында 182 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды

Өңірде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында экологиялық қызметтер бақылауды күшейтті. Сол мақсатта тексерістер жүргізіліп, ондаған ұйғарым берілді. Ал ғарыштық мониторинг нәтижесінде 182 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Оның ең көбі – Семей қаласы мен Аягөз ауданында.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы экология департаменті басшысының орынбасары Оралхан Әуезбеков баяндады.
Спикердің айтуынша, аталған кезеңде 18 тексеріс жүргізілген, оның ішінде 4-уі – профилактикалық, 14-і – жоспардан тыс. Бұдан бөлек, 44 нысанға бармай профилактикалық бақылау жасалды.
– Тексерістердің және құқық қорғау органдарынан түскен материалдардың қорытындысы бойынша экологиялық заңнаманы бұзудың 39 дерегі анықталды. Олардың негізінде 34 ұйғарым беріліп, оның 32-сі орындалды. Барлығы 68 әкімшілік іс қозғалып, 71,9 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Оның ішінде 69,4 млн теңгеден астамы мемлекет кірісіне өндірілді, – деді Оралхан Әуезбеков.
Өндірістік экологиялық бақылау мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді.
– Арнайы табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысы бойынша өндірістік экологиялық бақылау есебін тапсырмаған 24 құқықбұзушылыққа 5,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, – деп атап өтті ведомство өкілі.
Талап-арыз жұмысы аясында соттарда департаменттің 11 ісі қаралды: оның 8-і толық қанағаттандырылып, 2-уі жартылай қанағаттандырылды, ал бір іс әлі қаралу үстінде.
Жеке бағыт ретінде ғарыштық мониторинг аталды. Соның көмегімен биылдың өзінде 182 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған.
– Ең көп қоқыс үйіндісі Семей қаласының әкімшілік аумағында – 73, Аягөз ауданында – 46, Жаңасемей ауданында – 36. Қазіргі уақытта оларды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өтті Оралхан Әуезбеков.
Сондай-ақ, қоқыс үйінділерінің өртену фактілері бойынша жергілікті атқарушы органдардың тоғыз лауазымды тұлғасына 265,400 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұдан бөлек, қалдықтарды бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін алты шенеунікке қатысты әкімшілік істер қозғалды.
Осылайша, өңірдің экологиялық қызметі заң бұзушылықтарды анықтау мен кінәлілерді жауапқа тарту шараларын күшейтіп, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерімен жүйелі күреске баса назар аударды.
Semeynews.kz