Облыс әкімі грек-рим күресінен әлем чемпионатының жүлдегерлерімен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Грекия мен Болгарияда өткен грек-рим күресінен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген спортшылар Нұрдаулет Құмарұлы мен Диас Сейітқалиевті қабылдады.
Нұрдаулет Құмарұлы – биыл Вьетнам елінде өткен грек-рим күресінен (U-17) Азия чемпионатының жеңімпазы. 27-29 шілде күндері Грекияның Афина қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Диас Сейітқалиев биыл Бішкек қаласында болған грек-рим күресінен (U-20) Азия чемпионатында 82 келі салмақта жеңімпаз атанды. 21-24 тамыз аралығында Болгарияның Самоков қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды.
Кездесуде аймақ басшысы спортшыларды жеңістерімен құттықтады.
Біз сіздермен мақтанамыз. Тек Абай жерінің ғана емес, мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүрсіздер. Бұл жетістіктер – Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, тынымсыз жаттығуларыңыздың, биік мақсат жолындағы табандылық пен ерік-жігерлеріңіздің жемісі. Әрине, осындай жетістікке жетуде бапкерлеріңіз Мұрат Болатұлының еңбегі зор екенін ерекше атап өткім келеді. Алдағы уақытта да толағай табыстарға жетіп, Олимпиада шыңын бағындыруларыңызға тілектеспіз. Облыс тарапынан спортшыларға тиісті жағдай жасалып жатыр, – деді аймақ басшысы.
Әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орын алған қос спортшыға және олардың жаттықтырушысы Мұрат Болатұлына Алғыс хат пен ақшалай сертификат табысталды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ