Менің құқығым қорғалды: пациент тегін ем алды – ӘМСҚ филиалы қызметкерлерінің араласуының арқасында

Абай облысының тұрғыны жоспарлы ем қабылдау үшін медициналық ұйымға жүгінген болатын. Алайда, ол өзін жүйеде сақтандырылмаған азамат ретінде тіркелгенін анықтады. Бұл жағдайда пациентке қажетті тексерулер мен стационарлық емнің барлығын өз қаражаты есебінен төлеуге тура келер еді. Оның айтуынша, барлық процедуралардың жалпы құны шамамен 250 мың теңгені құрауы мүмкін еді.
Дегенмен,«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалына (ары қарай – Қор филиалы) жүгінгеннен кейін жағдай түзелді. Қор филиалының мамандары төлемдерді мониторингтен өткізіп, жұмыс беруші пациенттен жарналарды ұстап отырғанымен, оларды жүйеге толық әрі уақытылы аудармағанын анықтады.
Қор филиалы бұл мәселені бақылауға алып, жұмыс берушімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде барлық қарыз толық өтеліп, пациенттің сақтандыру мәртебесі қалпына келтірілді. Осылайша әйел барлық қажетті тексерулерден өтіп, жоспарлы емді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін қабылдады.
Мәселе осылай жылдам шешіледі деп күтпеп едім. Әуелі сақтандырылмағанмын дегенде, ешқандай көмек ала алмаймын деп ойладым. Бірақ Қор филиалының қызметкерлері жұмыс берушіммен мәселені шешіп, тегін ем алуым үшін жағдай жасады. Бұл маған шамамен 250 мың теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Құқығымды қорғап бергендеріңіз үшін алғыс айтамын! – деді пациент.
Филиал мамандары мұндай жағдайлар жиі кездесетінін атап өтіп, азаматтарды өздерінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тексеруге шақырады. Бұл үшін электронды үкімет порталы egov.kz сайтында «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысуы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударылған аударымдар мен (немесе) жарналар туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі қолжетімді. Сол жерден барлық төлемдерді бақылауға болады. Жарналар мөлшері – жалақының 2%-ын құрайды.
Еске сала кетейік: егер жұмыс беруші еңбекақыдан жарналарды ұстаса, оларды жүйеге уақытылы және толық аударуға міндетті. Бұзушылықтар салдарынан қызметкер сақтандырылмаған мәртебесіне тап болып, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
Егер Сіздің құқықтарыңыз бұзылса немесе мәртебеңізге қатысты сұрақтарыңыз болса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келесі байланыс арналары арқылы хабарласа аласыз:
мобильді қосымша Qoldau 24/7
ресми сайт msqory.kz
Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
Байланыс орталығы 1414
Сонымен қатар, Сіз өңірлік филиалға 8-7222-600527 нөмірі арқылы тікелей хабарласа аласыз.