Семейде ірі коммуналдық базардың құрылысы басталды

Бүгін Семей қаласында облыс аумағындағы ең ірі коммуналдық базардың құрылысы ресми түрде басталды.
Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, Xin Yi Ltd компаниясының бас директоры Сүйінбай Бейсенұлы және компания өкілі Шы Цу Лян қатысты.
Жоба «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Құрылыс жұмыстарын Xin Yi Ltd компаниясы жүргізіп, дайын нысанды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның пайдалануына береді. Мұнда жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өз өнімдерін тегін сатуға арналған сауда орындары ұсынылады. Бұл бастама бағаны тұрақтандыруға және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жобаны Xin Yi Ltd компаниясы толық қаржыландырады. Әр кезеңдегі инвестиция көлемі – 5 млрд теңге, жалпы үш кезеңнен тұратын жобаға барлығы 15 млрд теңге жұмсалады. Бастапқы кезеңінде шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сауда көлемі ұлғаяды, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі. Толық іске қосылғанда 5 мың адамға дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі күшейеді.
Аймақ басшысы Берік Уәли бұл жоба Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берумен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен серіктестіктің нығаюына үлес қосатынын атап өтті.
Өңірлік инфрақұрылымды дамытып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды жобаның басталуына куә болып отырмыз. Биыл көктемде Қытай Халық Республикасының Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай» өңірлік экономикалық конференциясы аясында бірқатар іскерлік кездесулер өткізіп, өңіріміз үшін маңызды келісімдер жасадық. Сол сапарда Xin Yi Ltd компаниясымен әріптестік жөнінде келісімге қол қойылды. Бұл – мемлекеттеріміз арасындағы сенімді нығайтудағы маңызды қадам. Бұл келісімдер – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы тығыз әрі нәтижелі диалогтың жемісі. Ел басшылары деңгейіндегі осындай ынтымақтастық өңірлер арасындағы байланыстардың дамуына да жол ашуда. Серіктестеріміз, инвесторлар Семейде салынатын жаңа әкімшілік-іскерлік орталыққа үлес қосуды, сол жерде тұрғын үйлер мен қонақүй салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа базар облыс орталығының экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, еліміздің және көршілес мемлекеттердің бізбен көршілес аймақтары үшін саула-логистикалық хабқа айналу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан бұл нысан өңірдің сауда инфрақұрылымын жаңғырта түседі. Жоба кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, тұрғындарға қолжетімді бағамен сапалы тауар алуға мүмкіндік береді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ