Ұлттық ұландықтар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту кезінде жоғалған балаларды тапты

Абай облысы, Қарауыл ауылында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерекелік көңіл-күй келген қонақтардың біріне біраз уақытқа алаңдаушылыққа ауысты.
Мерекелік шараға жүздеген тұрғындар мен қонақтар жиналған сәтте, Ұлттық ұланның патрульдік тобына жергілікті тұрғын Әбілғазин жүгініп, 11 жастағы Айзере мен 9 жастағы Мансур есімді балаларын жоғалтып алғанын хабарлады.
Бұл күні әскери жасақ қоғамдық тәртіпті қадағалап, ауыл тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрді. Балалардың жоғалғаны жөнінде хабар алған сәтте-ақ, олар халықтың көптігі мен қызу мерекелік бағдарламаға қарамастан, дереу іздестіру жұмыстарын бастады.
Әскерилердің шұғыл әрекетінің арқасында Іздеу көпке созылмады: балалар патруль бағытының бойынан табылып, сәл шошынғанымен, дін аман еді. Олар бірден ата-анасына жеткізілді.
Айта кетейік, 5518 әскери бөлімінің 150-ден астам ұландықтар Қарауыл ауылында өтіп жатқан Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шарада қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп жүр.
“Шығыс” өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі