Жас лейтенанттарды қарсы алу – дәстүр мен тағылымның жалғасы

2025 жылғы 6 тамызда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінде ҚР ҰҚК Шекара академиясын және Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарын тәмәмдаған 11 жас лейтенантты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Жаңа келген офицерлерге қазақы дәстүрмен бауырсақ ұсынылып, жылы ықылас пен ізгі тілектер айтылды. Бұл – ұлттық дәстүр мен әскери тәрбиенің үндескен белгісі іспетті.
Іс-шара барысында департамент бастығы, полковник Ахметов Асхат Болатович жас офицерлерді құттықтап, олардың алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде жас лейтенанттарға артылған сенім мен жауапкершілікті атап өтіп, ел шебін қорғауда табандылық пен адалдық танытуға шақырды.
Салтанатты рәсім соңында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Чуримбаев Айдын Амангельдинович жас офицерлерге жол нұсқап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Іс-шара жалғасы ретінде жас лейтенанттар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне барды. Мұнда оларға ұлы ақынның балалық шағынан бастап дана ойшыл дәрежесіне дейінгі өмір жолы, оқыған кітаптары мен шығармашылық мұрасы таныстырылды. Жас офицерлер Абай туралы бұрын-соңды білмеген тың деректермен танысып, рухани азық алды.